1 күн бұрын
Дзюдошы Абылайхан Жұбаназар әлемдік рейтингте топ-10 қатарына енді
Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Лозаннадағы Grand Slam турниріндегі жеңісінен кейін әлемдік рейтингтегі орнын айтарлықтай жақсартты.
81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз Швейцариядағы жарыстың финалында Өзбекстан өкілі Арслонбек Тожиевті жеңді. Бұл оның Grand Slam турниріндегі алғашқы —алтыны.
Осы нәтижеден кейін Абылайхан Жұбаназар әлемдік рейтингте бірден 14 саты жоғарылап, 2836 ұпаймен сегізінші орынға жайғасты. Осылайша қазақстандық дзюдошы 81 келіге дейінгі салмақта әлемнің үздік ондығына енді.
Ал Лозаннадағы финалда Абылайхан Жұбаназардан жеңілген Арслонбек Тожиев те рейтингте алға жылжыды. Өзбекстандық спортшы 16 саты көтеріліп, 2056 ұпаймен 18-орынға орналасты.
Бұл салмақта Қазақстанның тағы бір өкілі Әділет Алмат бір саты төмендеп, 20-орынға түсті.
81 келіге дейінгі салмақта рейтинг көшін ресейлік Тимур Арбузов бастап тұр. Одан кейін канадалық Франсуа Готье-Драпо мен әзербайжандық Зелим Цкаев орналасқан.
Біздің серіктес: Sport12kz