7 сағат бұрын
Бексұлтан Құлмырза Азия Пара ойындарының чемпионы атанды
Қазақстандық парадзюдошы Бексұлтан Құлмырза Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз финалда Оңтүстік Корея өкілі Ким Донхунмен белдесіп, қарсыласын иппон әдісімен ұтты. Осылайша, Бексұлтан Қазақстан құрамасына төртінші алтын жүлдені сыйлады.
Бұл салмақта тағы бір қазақстандық спортшы Ғалымжан Смағұлұлы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол қола медаль үшін белдесуде Иран өкілі Реза Голамиден басым түсіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Әйелдер арасында Даяна Федосова да жүлдеге қол жеткізді. J2 санатында 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы қола медаль үшін өткен тартыста Сингапур өкілі Хунг Джоан Хуэй Синді иппонмен жеңді.
Осылайша, Азия Пара ойындарының кезекті жарыс күнінде Қазақстан құрамасы парадзюдодан бір алтын және екі қола медаль еншіледі. Бұл нәтижеден кейін ұлттық құраманың жалпы медаль саны 20-ға жетті.
Біздің серіктес: Sport12kz