5 сағат бұрын
Президенттен көмек сұраған Бибісара Асаубаеваға спорт министрлігі жауап берді
Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның қаржыландыруға қатысты айтқан мәлімдемесіне жауап берді.
Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, 2023–2024 жылдары спортшы Спортты дамыту дирекциясы арқылы ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып отырған. Алайда 2025 жылы спорттың басым түрлерін айқындайтын жаңа заң күшіне еніп, шахмат аталған тізімге енгізілмеген.
Сол себепті Асаубаеваның келісімшарт бойынша төленетін жалақысы қысқартылған.
Сондай-ақ министрлік Sport Qory қоры арқылы көрсетілген қолдауға қатысты да пікір білдірді. Жарасбаевтың сөзінше, шахматшының халықаралық жарыстарға дайындалуы үшін қордан 100 миллион теңге бөлінген.
Вице-министр спортшы айтып отырған екінші өтінімнің мақұлданбауы қор бюджетінің шектеулі болғанымен байланысты екенін жеткізді.
Оның мәліметінше, Sport Qory тарапынан бөлінген қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы 63 миллион теңге, 2025 жылы 79 миллион теңге, ал 2026 жылы 100 миллион теңге бөлінген.
Министрліктің дерегіне сәйкес, мемлекеттік қолдаудан бөлек, Бибісара Асаубаева Қазақстан шахмат федерациясынан да қаржылай көмек алады. Биыл федерация, министрлік және оған қарасты ұйымдар тарапынан көрсетілген жалпы қолдау көлемі шамамен 160 миллион теңгені құраған.
Серік Жарасбаев Бибісара Асаубаеваның соңғы үш жыл қатарынан әлем чемпионы атанып келе жатқанын атап өтіп, оның жетістігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланғанын айтты.
«Мемлекет басшысы оның еңбегін жоғары бағалап, ІІ дәрежелі “Барыс” орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды», – деді вице-министр
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан