15.07.2026
Қазақстанда спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді
Қазақстанда спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау және жаңа спорт нысандарын салу бойынша бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.
Қазіргі таңда елімізде 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6 пайызды құраса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 62,1 пайызға жеткен. Бұл ауыл-аймақтарда спорт нысандарының саны тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.
Министрлік ірі спорт нысандарының құрылысын да қарқынды жүргізуде. Бүгінде Қазақстанда 30 ірі стадион бар. Сонымен қатар тағы 15 стадионның құрылысы жүріп жатыр. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей қалаларындағы жаңа стадиондарды 2028–2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, тағы жеті стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Таразда жаңа стадион салуға жер телімі белгіленсе, Қостанай және Ұлытау облыстарында тиісті жобаларды іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Соңғы жылдары жаңа спорт нысандарының саны айтарлықтай артты. 2024 жылы ел бойынша 90 спорт нысаны пайдалануға берілсе, оның 61-і ауылдық жерде орналасқан. 2025 жылы 147 спорт нысанының құрылысы аяқталып, оның 107-сі ауылдық елді мекендерде салынды. Ал 2026 жылы тағы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап 2026–2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Құжат аясында 86 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген, оның 56-сы ауылдық жерлерде іске асырылады.
Балалар және бұқаралық футболды дамыту да басым бағыттардың бірі саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әкімдіктермен бірлесіп балаларға арналған футбол алаңдарын салу бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы елімізде 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл да бұл жұмыстар республика көлемінде жалғасып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, аталған жобалар заманауи спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттырып, халықтың дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұқаралық, балалар және жасөспірімдер спортын еліміздің барлық өңірінде одан әрі дамытуға серпін береді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан