13.08.2026
Жеті әлем чемпионаты, легионерлерге бөлінген қаржының қысқаруы: Қазақстан спортындағы реформалар қандай нәтиже берді?
Астанада Спорт күніне орай «Қазақстандағы спорт: реформалардан нәтижелерге дейін» конференциясы өтті. Жиында спорт саласындағы реформалардың нәтижелері, қаржыландырудағы өзгерістер және алдағы жылдарға арналған жоспарлар талқыланды.
Конференцияда Қазақстанның алдағы жылдары бірқатар ірі халықаралық жарысты қабылдайтыны айтылды. 2026 жылдың қазанында Астанада спорттық күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтсе, қарашада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитетінің отырысы ұйымдастырылады.
2027 жылы Қазақстан бокстан, дзюдодан, таеквондодан, үстел теннисінен және киберспорттан әлем чемпионаттарын өткізеді. Сондай-ақ шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі мен УЕФА-ның 51-конгресі елімізде өтеді.
Ал 2029 жылы Алматы қысқы Азия ойындарын қабылдаса, 2030 жылы Астанада жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы әлем чемпионаты өтеді.
Жиында спорттағы реформалардың нақты нәтижелеріне де назар аударылды. Соның бірі — қаржыландыру жүйесін оңтайландыру. Бұған дейін Қазақстандағы спорт клубтарында өнер көрсететін шетелдік спортшылардың жалақысына жыл сайын шамамен 3,5 млрд теңге жұмсалған. 2026 жылы бұл шығын толық қысқартылып, аталған қаражат балалар-жасөспірімдер және бұқаралық спортты дамытуға бағытталды.
Конференцияның пленарлық отырыстарын спортшылардың басын қосып, олардың мүддесін мемлекеттік органдармен диалогта қорғайтын тәуелсіз ұйым — «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Іс-шара барысында мемлекеттік басқару органдары, кәсіби спорт қауымдастығы, ғылым, спорт медицинасы және бизнес өкілдері бір алаңда бас қосты. Талқылау үш негізгі бағыт бойынша өрбіді: реформалар және басқару тиімділігі, медицина, ғылым және цифрландыру, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы мен бұқаралық спорт.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев саладағы өзгерістер мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Біздің серіктес: Sport12kz