6 сағат бұрын
Қазақстан құрамасы Азия ойындарына дайындалып жатыр
Қазақстан құрамасы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына 571 спортшымен баруды жоспарлап отыр.
Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен ұлттық құраманың құрлық додасына дайындығы талқыланды. Жиынға спорт федерациялары мен өңірлік басқармалардың өкілдері қатысты.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Айти префектурасы мен Нагояда өтетін Азия ойындарына 45 елден 15 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыста спорттың 469 түрінен жүлделер сарапқа салынады.
Қазақстандық спортшылар 35 спорт түрінен бақ сынауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда алдын ала тізімге 571 спортшы енгізілген. Салыстыру үшін, Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарында Қазақстан сапында 523 спортшы болған.
Құрама жасақталған кезде спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелері ескеріледі. Қазақстан делегациясы бұл жолы 99 медаль жеңіп алуды мақсат етіп отыр.
Азия ойындарына дайындық барысында спортшылар оқу-жаттығу жиындарына қатысып, медициналық және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, қажетті құрал-жабдықтар мен тамақтану мәселесі де бақылауда.
Қазақстан құрамасының дайындығына 11 елден 24 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылды. Олар спорттың 13 түрі бойынша ұлттық құрамаларға көмектеседі.
Жыл басынан бері қазақстандық спортшылар 226 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 282 халықаралық жарысқа қатысты. Оның ішінде 26 әлем чемпионаты, 71 Әлем кубогі кезеңі және 37 Азия чемпионаты бар.
Азия ойындарына дейін спортшылар тағы 31 халықаралық жарыс пен 73 оқу-жаттығу жиынына қатысады.
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанда аяқталады.
Біздің серіктес: Sport12kz