5 күн бұрын
Алиби Ыдырысқа қатысты дисквалификацияға жаттықтырушы түсініктеме берді
UFC-де өнер көрсететін қазақстандық спортшы Алиби Ыдырысқа қатысты антидопинг ережесін бұзу жағдайына байланысты оның жаттықтырушысы Айбек Шоқпұтов пікір білдірді.
Бұған дейін UFC ресми сайтында Алиби Ыдырыстың тыйым салынған затты қолданғаны үшін бір жылға жарыстардан шеттетілгені хабарланған болатын. Спортшының анализінен гидрохлоротиазид атты диуретик анықталған. Осы себепті оның ямайкалық файтер Оди Осборнға қарсы өткен жекпе-жектегі жеңісі де жойылған.
Шоқпұтовтың айтуынша, жағдай салмақ қуу процесімен байланысты болған және спортшы препаратты салмақ түсіру мақсатында қолданған.
«Алибиде допинг болған жоқ. Мұнда салмақ қуу дұрыс жүрмей қалған жағдай болды. Ол салмақ түсіруге арналған препараттарды қолданған. Қолдану көлемі де өте аз. Негізінде онсыз да істеуге болатын еді, бірақ біздің білместігіміз әсер етті. Соңына дейін мен де толық хабардар болмадым. Бұл мәселе алдын ала келісілген деп ойлағанмын. Бұл заңды білмеуден болған жағдай. Бірақ жауапкершілікті жоққа шығармайды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болды», — деді жаттықтырушы.
Қазіргі таңда спортшының дисквалификация мерзімі бір жылды құрайды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан