Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 100 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

5 күн бұрын

«Алла жазамды берсін». «Мотиватор» Мұхит Амантаевты жеңген соң үндеу жасады

«Алла жазамды берсін». «Мотиватор» Мұхит Амантаевты жеңген соң үндеу жасады

sportnews.kz

Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирінің басты жекпе-жектерінің бірінде қазақстандық танымал спортшылар Мұхит Амантаев пен Ануарбек «Мотиватор» Бекембетов кездесті.

Жартылай жеңіл салмақта өткен үш раундтық айқас үшінші раундта мерзімінен бұрын аяқталды. Ануарбек Бекембетов қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп, жанкүйерлер күтпеген сенсация жасады.

Кездесу тартысты басталды. Алғашқы раундта Мұхит Амантаев қарсыласын нокдаунға жібергенімен, кейін жекпе-жектің тізгінін толықтай Бекембетов қолға алды. «Мотиватор» бірінші раундтың өзінде екі мәрте қарымта нокдаун жасап, екінші раундта тағы бір мәрте дәл соққысымен қарсыласын есеңгіретті. Ал үшінші раундта төреші айқасты тоқтатуға мәжбүр болып, жеңіс техникалық нокаутпен Бекембетовке берілді.

Бұл кездесу тек спорттық тұрғыдан ғана емес, ұзақ уақытқа созылған жеке текетірестің шешімі ретінде де көпшіліктің назарында болды. Екі спортшы бір жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік желіде сөз қағыстырып, кейін B1rinshibol жобасында жаға жыртыса жаздаған. Бастапқыда олардың жекпе-жегі 2025 жылы All Stars Boxing кешінде бокс ережесімен өтуі тиіс болғанымен, турнирдің өтпей қалуына байланысты кейінге шегерілді. Ақыры қарсыластар IBA Nomad турнирінде «ММА-дің тек тік тұрып жұдырықтасу» форматы бойынша қолғап түйістірді.

Жекпе-жек алдында өткен баспасөз мәслихатында да қарсыластар бір-біріне ащы әзілдерін аямады. Ануарбек Бекембетов Мұхиттың лақап атына ишара жасап, қолына шыбын өлтіргіш алып шықса, Амантаев қарсыласының суреті бейнеленген «Вентилятор» деген жазуы бар жейде әкелді.

«Мотиватор» демеңдер, оны «Вентилятор» деп атаңдар. Ол тек ауаны айдайды. Бірақ жасын сыйлап, «Вентилятор-аға» деп айтайық. Әр сөйлеген сайын желдеткішті қосып отырамын, – деген еді Амантаев.

Кейін ол қарсыласының киім үлгісін де келемеждеп:

«Бүгіннен бастап оның лақап атын «Сутенер» деп өзгертуге болады. Қазақстандағы бірінші «сутенер». Маған ұқсағысы келеді, мені қайталағысы келеді. Еліктей берсін, мүмкін адам болатын шығар», – деп мәлімдеген.

Алайда рингтегі нәтиже басқаша болды. Жекпе-жектен кейін Ануарбек Бекембетов арадағы жанжалдың аяқталғанын айтып, қарсыласына құрмет білдірді.

«Баршаңызға ассалаумағалейкум! Бір нәрсе айтқым келеді. Мұхит – менің бауырым. Біз бәріміз қазақпыз. Ол да отбасын, балаларын асырап жүрген азамат. Осыны сіздер үшін қыздырып, шоу жасадық. Алла куә, егер өтірік айтып тұрсам, Алла жазамды берсін. Мұхит – менің жауым емес, ол – қазақтың баласы, мұсылман бауырым. Мұнда тек спорт болды. Өз күшімізді сынадық, осымен арадағы мәселе шешілді деп ойлаймын. Оның жанындағы жігіттерге де құрметім бар. Мұхит аман-есен отбасына, балаларының қасына оралсын», – деді Бекембетов.

Ануарбек Бекембетов кім?

41 жастағы Ануарбек Бекембетов спорттағы кәсіби жолын 2021 жылы, 37 жасында бастаған. Оның ММА-дегі ресми рекорды – 1 жеңіс, 4 жеңіліс, ал кәсіпқой бокста 1 жеңіс және 2 жеңілісі бар.

Ол Naiza мен Hardcore лигаларында өнер көрсеткен. Қарсыластарының қатарында ММА-да 15 жеңіске ие қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулу да болған.

«Мотиватор» лақап аты оның өмір жолымен байланысты. Спортқа келгенге дейін ол қарақшылық шабуыл жасағаны үшін үш жыл түрмеде отырған. Қамауда жүрген кезінде екі мәрте туберкулезбен ауырып, кейін өмірін түбегейлі өзгертіп, спортқа бет бұрған.

Мұхит Амантаев кім?

39 жастағы Мұхит Амантаев – әлеуметтік желілер арқылы танылған бокс жаттықтырушысы. Тараз қаласының тумасы бұрын жол полициясында қызмет атқарып, полицейлер арасындағы әлем чемпионы атанған.

Әуесқой бокста онға жуық ресми жекпе-жек өткізген. Соның ішінде 2010 жылы кейін әлем чемпионы болған Қайрат Ералиевті жеңген кездесуі ерекше аталады.

Кәсіпқой бокста әзірге екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен. Ал IBA Nomad 15 турниріндегі жеңіліс оның соңғы уақыттағы ең күтпеген сәтсіздіктерінің бірі болды.

Айта кетейік, IBA Nomad лигасы жекпе-жектерді «ММА-ның тек тік тұрып жұдырықтасу» ережесі бойынша өткізеді. Бұл форматта балуандық әдістер қолданылмайды, ал жекпе-жек толықтай соққы алмасуға негізделген.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан