16.07.2026
Жалғас Жұмағұловтың UFC-ге қалай өткені белгілі болды
UFC жауынгерлерінің менеджері Саят Әбдірахманов қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұловтың әлемдегі ең ірі ММА ұйымына қалай келгенін айтып берді.
Оның сөзінше, Жұмағұлов UFC-мен келісімшартты Қазақстанда өтеді деп жоспарланған турнирге байланысты жасаған. Алайда кейін бұл турнир өткізілмей қалған.
– «Жалғас Жұмағұлов пен Мария Агапова Қазақстанда өтеді деп жоспарланған UFC турниріне байланысты ұйыммен келісімшартқа отырды. Турнир кейін өтпей қалды. Дегенмен, олардың екеуі де осы мүмкіндіктің пайдасын көрді», – деді Әбдірахманов ProdMMA Podcast бағдарламасында.
Менеджердің айтуынша, егер болашақта UFC Қазақстанда турнир өткізсе, ұйым тағы да қазақстандық спортшыларды өз қатарына қосуы мүмкін.
Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов UFC-мен 2020 жылдың ақпанында келісімшартқа қол қойды. Ол промоушенде жеті жекпе-жек өткізіп, бір жеңіске жетті. 2023 жылы UFC-ден кеткеннен кейін Жұмағұлов Oktagon MMA ұйымында өнер көрсетіп, ең жеңіл салмақта чемпион атанды. Кейін ол UFC-дің бұрынғы жауынгері Давид Дворжакты жеңіп, чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан