16.07.2026
Дәурен Ермеков ACA 205 алдындағы жоспарын айтты
Қазақстандық ММА шебері Дәурен Ермеков ACA 205 турнирі қарсаңында өткен жекпе-жегі, алдағы қарсыласы және болашақ жоспарлары туралы пікір білдірді.
Ермековтің айтуынша, мамыр айында Фаридун Одиловпен өткен кездесуден кейін екі ай ішінде толық қалпына келіп, жаңа жекпе-жекке тыңғылықты дайындалған.
«Өткен жекпе-жекте өзімнің салмақ дәрежемде өнер көрсеткен жоқпын, сондықтан ағзам қатты шаршаған жоқ. Жарыстан кейін бірден жаттығуға кірістім. Сонымен қатар Мұрад Абдрахмановқа да жекпе-жекке дайындалуға көмектестім. Турнирдің Қазақстанда өтетіні де мен үшін үлкен мотивация болды», – деді ол.
Жекпе-жекті қайта қарап шыққанын айтқан спортшы бірнеше қателігін байқағанын және қарсыласын мерзімінен бұрын жеңуге мүмкіндік болғанын жеткізді.
Алдағы қарсыласы – бразилиялық Рене Пессоа туралы Ермеков оның тәжірибелі әрі рейтингі жоғары файтер екенін атап өтті.
«Ол тік тұрып жақсы жұдырықтасады және күресте де берілмейді. Бірақ партерге түсірсең, қайта тұруы қиындайды», – деді қазақстандық спортшы.
Ермеков болашақта Фаридун Одиловпен өз салмақ дәрежесінде реванш өткізуді қалайтынын, сондай-ақ рейтингтегі өзінен жоғары тұрған спортшылармен кездесіп, орнын жақсартуды көздейтінін айтты.
Сонымен қатар ол Алматыдағы турнирде жанкүйерлер алдында өнер көрсету ерекше жігер сыйлайтынын жеткізді.
«Өз елімде жұдырықтасу – үлкен мотивация. Қазақстандық жанкүйерлердің қолдауы қиын сәттерде алға ұмтылуға күш береді», – деді Ермеков.
Айта кетейік, ACA 205 турнирінде Дәурен Ермеков 37 жастағы бразилиялық Рене Пессоамен кездеседі. Қарсыласының еншісінде 22 жеңіс және 11 жеңіліс бар. Жекпе-жек 17 шілдеде Алматыда өтеді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан