4 күн бұрын
Асу Алмабаев чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізеді
UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Асу Алмабаев ACBJJ промоушенінің чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жекке шығады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ұйым алдағы ACBJJ 22 турнирінің ресми афишасын жариялап, Алмабаевтың қарсыласын таныстырды. Қазақстандық спортшы титулдық кездесуде тегі тәжік ресейлік файтер Халим Назруллоевпен кездеседі.
Чемпиондық айқас 30 тамызда Стамбулда өтеді. Турнирді Түркиядағы Ora Arena қабылдайды.
Бір қызығы, Алмабаевтың бұған дейін тағы бір жарысқа қатысатыны белгілі болған. Ол ACBJJ-дегі титулдық жекпе-жекке небәрі сегіз күн қалғанда, 22 тамызда, АҚШ-та өтетін Real American Freestyle (RAF) турнирінде бақ сынауы тиіс.
Кливленд қаласындағы Rocket Arena кешенінде өтетін жарыста қазақстандықтың қарсыласы америкалық балуан Джонни Диджулиус болады.
Осылайша, жоспар өзгермеген жағдайда Асу Алмабаев сегіз күн аралығында АҚШ пен Түркияда екі бірдей маңызды кездесу өткізеді.
Біздің серіктес: Sport12kz