1 күн бұрын
Шавкат Рахмонов пен Майкл Моралес жекпе-жек өткізуі мүмкін
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласына қатысты болжам пайда болды. Жеңіліссіз қазақстандық спортшы Майкл Моралеске қарсы жекпе-жекке ишара жасаған, деп хабарлайды Sport12.kz.
Рахмонов әлеуметтік желідегі парақшасында екі видео жариялаған. Біріншісінде «19-0 VS 19-0» деген жазу болса, екіншісінде «2027» деген жазумен бірге Өрмекші адам эмодзиі қолданылған.
Осыдан кейін Рахмонов пен Моралестің 2027 жылдың қаңтар немесе ақпан айында жекпе-жек өткізуі мүмкін деген болжам күшейді. Екі спортшының да кәсіби рекорды — 19 жеңіс, жеңіліс жоқ.
Бұған дейін Моралес қазақстандық файтерді жартылай орта салмақтағы «соңғы босс» деп атаған еді. Эквадорлық спортшы UFC-дегі титулдық жекпе-жекке жақын тұрған үміткерлердің бірі саналады.
Рахмонов октагонға соңғы рет 2024 жылғы 7 желтоқсанда UFC 310 турнирінде шықты. Лас-Вегаста өткен кездесуде ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді.
Ал UFC жартылай орта салмағындағы үшінші нөмір Майкл Моралес соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 15 қарашада өткізді. UFC 322 турнирінде ол америкалық Шон Брэдиді бірінші раундта нокаутпен жеңді.
Біздің серіктес: Sport12kz