3 сағат бұрын
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бірнеше ай бойы жалақы алмағанын мәлімдеді
Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алғаннан бері жалақы алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Спортшының айтуынша, бұл жағдай оның Олимпиададан кейін өз жалақысының жарияланғанына байланысты Туризм және спорт министрлігін сынаған пікірінен кейін туындауы мүмкін.
«Осыған қатысты жағымсыз пікір білдіргеннен кейін мені жазалағысы келген сияқты. Олимпиададағы жеңістен бері жалақы алмай жүрмін. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ қалай дайындалатынымды түсінбеймін. Жаттығу жиындарының мерзімі, бағдарламаны қою уақыты жоспарланған. Бағдарлама қою шығындарын төлеу туралы бірнеше рет сұрадық. Бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқа жауап береді. Ештеңе түсініксіз. Ал 1 ақпаннан бастап дәрігерімді алып тастады», — деді Шайдоров.
Сондай-ақ спортшы жалақысы жарияланған кезде оған мұның себебі түсіндірілмегенін айтты.
«Олимпиадалық цикл төрт жылға созылады. Неге тек бір жылдық табысымды жариялады, ал басқа спортшылардікі көрсетілмеді? Мен тек дамып, өнер көрсеткім келеді. Еліміздің алтын қорындағы спортшы болып қалып, көк туымызды көтергім келеді. Менде үлкен әлеует бар. Интрига мен жанжалдың қажеті жоқ, маған тек даму маңызды. Жалақымның жарияланғаны маған жағымсыз екенін айттым. Біріншіден, бұл заңға қайшы. Шынымды айтқаным үшін мені жазалағысы келетіндей көрінеді. Соның салдарынан маған еңбек сіңірген спорт шебері атағын бермей, бүкіл командамның жалақысын төлемей отыр», — деп қосты спортшы.
Еске салайық, Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты арнайы марапаттаған болатын. Мемлекет басшысы оның жеңісін қазақстандық спорт тарихындағы аса ірі жетістік деп бағалаған еді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов