1 сағат бұрын
Михаил Шайдоров: 2015 жыл менің өмірімдегі ең маңызды кезең болды
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров өз спорттық жолындағы шешуші сәттер туралы айтып берді. Бұл туралы Sport12.kz хабарлайды.
Шайдоровтың айтуынша, 2015 жыл оның мансабында ерекше орын алады. Сол жылы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Алматыда шеберлік сабағын өткізіп, жас спортшыларға үлкен мотивация берген.
«2015 жыл менің өмірімдегі ең маңызды кезең болды. Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 2015 жылы Алматыда шеберлік дәрісін өткізді. Бағыма орай, мен де соған қатысып, үлкен жігер алдым. Сонымен қатар Гран-приде Юзуру Ханюдың өнерін көріп қатты тәнті болдым. Ол мәнерлеп сырғанау үшін жаралғандай әсер қалдырды. Кейін оның өнерін YouTube арқылы қайта қарап, жаттығуда орындауға тырыстым. Осылайша мен мәнерлеп сырғанаудың терең әлеміне ене бастадым», – деді ол.
Спортшы сондай-ақ өз әкесінің де осы спорт түрімен айналысқанын атап өтті. Оның айтуынша, әкесі Қазақстанның 6 дүркін чемпионы болған және күрделі элементтерді орындай алған.
«Әкемнің кезеңі КСРО-ның ыдырауымен тұспа-тұс келді. Ол кезде Алматыда тек Балуан Шолақ сарайы ғана мұз айдыны ретінде қолданылды. Әкем үш айналымды аксель мен тіпті төрттік айналымды да орындай алған. Бірақ сол уақыттағы жағдайларға байланысты халықаралық деңгейде өзін толық көрсете алмады», – деді Шайдоров.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров Қазақстанға қысқы Олимпиададан 32 жыл үзілістен кейін алтын медаль әкелген спортшы ретінде тарихқа енді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов