4 сағат бұрын
Министрлік Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты түсініктеме берді
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» директорының міндетін уақытша атқарушы орынбасары Оралхан Балмағамбетов Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақысының кешіктірілуіне қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Оралхан Балмағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда қоғамда Михаил Шайдоровқа төленетін жалақы мәселесі қызу талқыланып жатыр. Оның сөзінше, бұл жерде ешқандай жанжал немесе қарсыластық жоқ, мәселе қарапайым жұмыс процесіне байланысты туындаған.
«Ең алдымен, жарты жыл бойы жалақы төленбеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қаңтар және ақпан айларындағы барлық төлем толық көлемде жасалды. Наурыз бен сәуір айларына қатысты кідіріс бар, ол объективті себептерге байланысты пайда болды», — деді ол.
Балмағамбетовтің түсіндіруінше, Миландағы Олимпиададан кейін жаңа олимпиадалық цикл басталып, Михаил Шайдоровпен жаңа әрі тиімді шарт жасасу қажеттілігі туған. Өйткені спортшы Олимпиада чемпионы мәртебесіне ие болды.
Алайда қазіргі уақытқа дейін жаңа келісімшартқа қол қойылмаған. Бұған бірнеше себеп әсер еткен. Біріншіден, Олимпиададан кейін Михаил елден тыс жерде демалыста болғандықтан, құжаттарға физикалық тұрғыда қол қоя алмаған. Екіншіден, келісімшарттағы кейбір тармақтарға қатысты сұрақтар туындаған. Атап айтқанда, онда мемлекеттік қаржыландыру алатын спортшы жетуі тиіс спорттық көрсеткіштер көрсетілген.
«Бұл халықаралық тәжірибеде қалыпты жағдай. Ұлыбритания, Германия, Корея спортшылары дәл осындай жүйемен жұмыс істейді. Мемлекет жақсы жағдай жасап, нақты мақсаттарды белгілейді», — деді дирекция өкілі.
Оның айтуынша, осындай шарттармен Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері — Елдос Сметов, Нұрбек Оралбай, Нариман Құрбанов, Назым Қызайбай және басқа да спортшылар жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Михаил Шайдоровтың командасы мен бапкерлері келісімшартты толық зерттеп, оның шарттарымен келіскені айтылды.
«Мемлекеттік бюджетпен жұмыс істейтіндіктен, барлық есептілік заң талаптарына сай жүргізілуі керек. Заң жүзінде екі тарап қол қоймаған келісімшарт негізінде төлем жасау мүмкін емес. Жаңа келісім толық дайын, оның шарттары бұрынғысынан да тиімді әрі чемпион мәртебесіне толық сәйкес келеді. Михаил құжаттарға қол қойған сәтте барлық тиісті қаражат бірден төленеді», — делінген дирекцияның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров 2026 жылғы Милан Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін жалақы алмай жүргенін мәлімдеген болатын.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов