4 сағат бұрын
Михаил Шайдоров: Министрлік маған 2030 жылғы Олимпиадада медаль жеңіп алуды міндеттеді
Қазақстандық спортшы өз жағдайына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстандық спортшы ел азаматтарының қолдауы мен жылы пікірлері үшін алғыс айтып, әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты өз ұстанымын жариялады. Ол жұртшылықтан түскен сенім мен қолдауды жоғары бағалайтынын атап өтті.
Спортшының айтуынша, оған 2025 жылы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, нормативті орындағанына қарамастан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі әлі табысталған жоқ. Ол барлық рәсімдік талаптарды орындағанымен, құжатты алу процесі әлі аяқталмағанын жеткізді. Дегенмен, бұл мәселені салтанатты түрде емес, қарапайым түрде — тіпті пошта арқылы алуға да дайын екенін айтты.
Сонымен қатар ол Олимпиада ойындарынан кейінгі жүлде төлемдеріне қатысты процестің жүріп жатқанын, бұл жөнінде өз тарапынан сұрақ жоқ екенін атап өтті.
Өмір бойғы төлемдерге қатысты тараған ақпаратты да нақтылап өтті. Оның айтуынша, мұндай төлемдер тек 20 жылдық еңбек өтілінен кейін ғана беріледі, ал қазіргі жасы мен тәжірибесіне байланысты ол бұл төлемдерге үміт артпайтынын жеткізді.
Жалақы мәселесіне тоқталған спортшы Федерация мен Спортты дамыту дирекциясынан қаржыландырылатынын, алайда Федерация арқылы төлемдер соңғы айларда кешігіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қаржыландыруға қатысты өтінім қаралу үстінде болғандықтан, ол және оның командасы бірнеше ай бойы жалақы алмаған.
Ол сондай-ақ 2026 жылға арналған жаңа келісімшартты талқылау тек мамыр айының ортасында басталғанын, құжат әлі бекітілмегенін мәлімдеді. Спортшы келісімшарттағы 2030 жылғы Олимпиадада медаль жеңіп алу туралы тармақты заңдық тұрғыдан қайта қарауды сұрағанын, себебі оны қазіргі жағдайда орындау мүмкін емес екенін айтты.
Қорытындылай келе, спортшы барлық мәселелердің әдейі созылып жатқанын жоққа шығармайтынын, бірақ басты мақсаты ақша емес, уәде етілген шарттардың орындалуы екенін жеткізді. Сондай-ақ ол ақпан айынан бері медициналық қолдаусыз қалғанын да атап өтті.
Спортшы бұл тақырыпты өзі әдейі көтермегенін, журналистер сұрағына жауап ретінде шындықты айтқанын айтып, ешнәрсені жасырмайтынын мәлімдеді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов