4 сағат бұрын
Михаил Шайдоров: менің талаптарымды ескерусіз қалды
Қазақстандық спортшы өз жағдайына қатысты қосымша мәлімдеме жасап, кәсіби дайындық пен қаржыландыру мәселелерінің әлі де шешілмей отырғанын айтты, деп хабарлайды Sport12.kz.
Оның сөзінше, ол өз ісін жақсы көретінін және өзін бақытты адам санайтынын атап өтті. Спортшы үшін бастысы ақша емес, уәде етілген шарттардың орындалуы екенін жеткізді. Сонымен бірге ол ақпан айынан бері медициналық қолдаусыз қалғанын да айтты.
Спортшының айтуынша, жаңа маусымға дайындық мәселесі бір ай бойы еленбей келген. Ол 5 маусымда жоспарланған оқу-жаттығу жиындары туралы алдын ала хабарлап, сметалар жіберілгенін, бағдарламаны қою, жиындарды ұйымдастыру және билеттерді алу бойынша бірнеше рет сұрау салынғанын, алайда нақты жауап та, ұйымдастыру да болмағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, егер сол кезеңде Олимпиада жүлдесі үшін тиесілі төлемдер алынған жағдайда, ол дайындықты өз қаражатына ұйымдастырып, мәселені көпшілікке шығармаған болар еді.
Спортшы өз міндетін айқындап, кәсіби спортшы ретінде күнделікті үш мәрте жаттығу жасайтынын және өз жұмысын атқарып жүргенін атап өтті.
Сонымен қатар ол маңызды бастама туралы да айтты: егер осы маусымға қажетті қаржыландыру мен дайындық толық қамтамасыз етілсе, ол алынбаған жалақысын балаларға көмек ретінде, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аударуға ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл қадам оны қолдап жүрген барлық қазақстандықтарға арналған символдық сый болмақ.
Спортшы өзіне қолдау білдірген барша азаматтарға тағы да алғыс айтып, олардың сенімін жоғары бағалайтынын мәлімдеді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов