Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 100 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

5 сағат бұрын

Қазақстан ҰОК өкілдері IWG-нің IX жаһандық саммитіне қатысты

Қазақстан ҰОК өкілдері IWG-нің IX жаһандық саммитіне қатысты

Фото: Қазақстан ҰОК

Ұлыбританияның Бирмингем қаласында әйелдер және спорт мәселелеріне арналған IWG ұйымының IX жаһандық саммиті өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.

Гендерлік теңдік, әйелдердің көшбасшылығы және спорттағы рөлін арттыру тақырыбына арналған беделді халықаралық жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері де қатысты.

Бұл саммит төрт жылда бір рет ұйымдастырылып, Олимпиада қозғалысының, халықаралық спорт федерацияларының, мемлекеттік органдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін бір алаңға жинайды. Қазақстан ҰОК атынан жиынға Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Анара Сыздықова мен Халықаралық қатынастар департаментінің бас менеджері, Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) Азия Пара ойындары жөніндегі комитетінің мүшесі Татьяна Богословская қатысты.

Қазақстан ҰОК-нің бұл саммитке қатысуы ұйымның гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту және спортта қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының заңды жалғасы болды. Бұл бастамалар Халықаралық Олимпиада комитетімен (ХОК), Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығымен (ANOC), Азия Олимпиадалық кеңесімен (АОК), БҰҰ-ның Әйелдер құрылымымен (UN Women) және ЮНЕСКО-мен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары Қазақстан ҰОК Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында осы тақырыптарға арналған семинарлар өткізіп, спорт федерацияларының, мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының және сарапшылардың басын қосты. Бирмингемдегі саммит халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, жаңа тәжірибелермен танысуға және оларды Қазақстандағы жобаларға бейімдеу мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты.

Биылғы форум «Beyond the Breakthrough» («Жетістіктен кейінгі жаңа белес») ұранымен өтті. Бұл атау жекелеген табысты бастамалармен шектелмей, ұзақ мерзімді әрі жүйелі өзгерістерге ұмтылудың маңызын айқындайды. Саммитке әлемнің 60-тан астам елінен 1200-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында ХОК, ANOC, халықаралық және құрлықтық спорт федерацияларының, ұлттық олимпиадалық комитеттердің, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының және қоғамдық ұйымдардың басшылары болды.

Форумның негізгі спикерлері қатарында Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Кирсти Ковентри, World Athletics ұйымының президенті Себастьян Коу, ХОК Атқарушы комитетінің мүшесі әрі Иордания Олимпиадалық комитетінің президенті, жоғары мәртебелі ханзада Фейсал бин Әл Хусейн, UEFA вице-президенті профессор Лора Макаллистер, Ұлыбритания Олимпиадалық комитетінің төрайымы әрі екі дүркін Олимпиада чемпионы Кэтрин Грейнджер, сондай-ақ, Sport England, Ұлыбритания Паралимпиадалық комитеті, British Gymnastics, FIVB, World Rugby, Еуропа кеңесі мен жетекші университеттердің басшылары сөз сөйледі.

Саммиттің басты ерекшелігі оның тәжірибеге негізделген мазмұны болды. Қатысушыларға Үндістан, Шри-Ланка, Бразилия, Ұлыбритания, Африка және Мұхит өңірі елдерінде жүзеге асырылған ондаған нақты жоба таныстырылды. Бұл бастамалардың көпшілігі қомақты қаржыландырусыз-ақ іске асырылғанымен, мыңдаған қыз-келіншекті спортқа тартуға, әйел көшбасшыларды даярлауға және тұрақты спорт қауымдастықтарын қалыптастыруға мүмкіндік берген. Осындай тиімді тәжірибелерді бөлісу және оларды әр елдің ерекшелігіне бейімдеу IWG жаһандық саммитінің басты міндеттерінің бірі саналады.

Саммит аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – ХОК президенті Кирсти Ковентридің IOC Gender Equality, Diversity and Inclusion (GEDI) Champions Award сыйлығын Үндістан ұлттық волейбол құрамасының бұрынғы капитаны Абхиджит Бхаттачарьеге табыстауы болды. Ол жүзеге асырып жатқан Assam Volleyball Mission 100 және Brahmaputra Volleyball League жобалары бүгінде Ассам штатындағы 400 ауылдық команданың құрамындағы 12 мыңнан астам баланы біріктіріп отыр. ХОК бұл бастаманы жергілікті қауымдастықтардың қолдауымен жүзеге асқан шағын жобалардың да ауқымды әрі ұзақ мерзімді әлеуметтік өзгерістерге жол аша алатынының жарқын үлгісі ретінде бағалады.

Бағдарламаның жеке бір бөлігі құрлықтық ұйымдардың жұмысына арналды. Азия Олимпиадалық кеңесі Олимпиада қозғалысындағы әйелдерді қолдау мен олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған Watch Her SHINE халықаралық бастамасын таныстырды. Азия елдеріне арналған сессия барысында тәлімгерлік бағдарламаларын дамыту, спорттағы қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету, әйелдердің басшылық қызметтердегі үлесін арттыру және өңірдегі ұлттық олимпиадалық комитеттер арасындағы үздік тәжірибелермен алмасу мәселелері талқыланды. Негізгі баяндаманы Азия Олимпиадалық кеңесінің гендерлік теңдік комитетінің төрайымы Валери Тарази жасады.

Саммит барысында жинақталған тәжірибе, нақты шешімдер мен халықаралық әріптестік байланыстар Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің гендерлік теңдік, әйелдердің көшбасшылығын дамыту және спорттағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмысына, сондай-ақ, халықаралық серіктестермен жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға негіз болады.

"Саммиттің басты артықшылығы – оның нақты тәжірибеге сүйенуі. Мұнда тек мәселелер көтеріліп қана қоймай, әртүрлі елдерде өз тиімділігін дәлелдеген жобалар таныстырылады. Біз үшін осындай тәжірибені зерделеу, халықаралық әріптестермен пікір алмасу және оны Қазақстан ҰОК бастамаларын жүзеге асыруда қолдануға болатын шешімдерді іздеу өте маңызды", – деді Анара Сыздықова.

Форум соңында International Working Group on Women and Sport (IWG) ұйымы хатшылығының өкілеттігін ресми тапсыру рәсімі өтті. Алдағы төрт жылда ұйымның қызметін үйлестіру міндеті Ұлыбританиядан Бразилияға өтті. Келесі, X IWG жаһандық әйелдер және спорт саммиті 2030 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) Атқарушы комитеті Франция Альпілерінде өтетін 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының спорт түрлері мен жарыс бағдарламасын бекітті.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан