09.09.2026
LA28 Олимпиадасына қазақстандық БАҚ өкілдерін аккредиттеу басталды
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына БАҚ өкілдерін аккредиттеу басталғанын хабарлады.
LA28 Олимпиадасы 2028 жылдың 14-30 шілдесі аралығында өтеді.
Халықаралық Олимпиадалық комитеті журналистерге арналған Press Accreditation Registration Portal платформасын іске қосты. Қазақстандық БАҚ өкілдері осы портал арқылы Expression of Interest өтінімін жіберуі қажет.
Өтінім қабылдау 2026 жылдың 31 тамызынан 23 қазанына дейін жалғасады.
Қазақстандық журналистердің өтінімдерін Қазақстан ҰОК қарайды. Комитет елге бөлінген квотаға сәйкес аккредитацияларды БАҚ өкілдері арасында бөледі.
Аккредитацияға журналистер мен редакторлар (E), фотографтар (EP), сондай-ақ трансляция құқығына ие емес телеұйымдардың өкілдері (ENR) өтінім бере алады.
Өтінімді жіберу аккредитацияның міндетті түрде берілетінін білдірмейді. Әр елге арналған баспасөз аккредитациясының саны ХОК белгілейтін квотамен шектеледі.
Өтінімдерді қарау кезінде журналистің кәсіби қызметі мен өзі жұмыс істейтін БАҚ-тың деңгейі ескеріледі. Сонымен қатар аудитория көлемі және Олимпиадалық спорт түрлерін қамту ауқымы назарға алынады.
Жарнама, маркетинг және PR агенттіктерінің қызметкерлері, спортшылардың өкілдері, спорт федерацияларының баспасөз қызметкерлері, ҰОК коммерциялық серіктестері мен мемлекеттік органдардың өкілдері баспасөз аккредитациясына өтінім бере алмайды.
Expression of Interest кезеңінен кейін Press by Number кезеңі басталады. Бұл уақытта әр БАҚ-қа берілетін аккредитация саны анықталады.
Ал 2027 жылдың күзінде Press by Name кезеңі өтеді. Осы кезеңде квота алған БАҚ Олимпиадаға баратын нақты журналистер мен фотографтарды анықтайды.
Айта кетейік, LA28 Олимпиадасына БАҚ өкілдерінен өтінім қабылдау 2026 жылдың 23 қазанында аяқталады.
Біздің серіктес: Sport12kz