03.10.2025
Ауыр атлетшілеріміз әлем чемпионатында қашан шығады?
Ауыр атлетикадан Норвегияның Фёрде қаласында кезекті жаһандық дода басталды, деп хабарлайды Sport12.kz
2-11 қазан аралығында жалғасатын бәсекеде Қазақстан құрамасы 4 спортшысын қосты.
Биылғы әлем чемпионатының басты ерекшелігі - салмақтар өзгертілді.
79 келі. 6 қазан. 39 спортшы
Едіге Емберді
Шілде айында ғана жастар арасында Азия чемпионы атанған Едіге Емберді сол сәтте 347 келіні (153+194) еңсерген болатын. Ересектер арасындағы додада жерлесімізге қарсыластар жетерлік. Олар: әлем чемпионы Ли Чон Сон (Солтүстік Корея), 2 дүркін әлем чемпионы Рахмат Эрвин Абдулла (Индонезия), Париж Олимпиадасының чемпионы Ризки Джуниансиа (Индонезия), әлем чемпионы Оскар Рейес Мартинес (Италия) және бірнеше Еуропа чемпиондары бар.
Петр Хребтов
Отандасымыз 2025 жылы 73 келіде Азия чемпионатының қола жүлдесін еншілеген. Ол да көптеген қарсыластары секілді 79 келіге ауысуды жөн көрді.
88 келі. 7 қазан.
Әлібек Рахымберді
Мамыр айындағы Азия чемпионатында 81 келіде бақ сынап, 7-орынға тұрақтаған. Жас спортшымыз осы жолы 88 келіде Б тобында өнер көрсетеді.
110 келі. 10 қазан
Сұлтан Мейрам
Отандасымыз 2024 жылы әлем чемпионатына қатысып, 20-орынға тұрақтаған. Биыл ол С тобында зілтемірді көтереді.
Айта кетейік, биылғы жарысқа 87 елден 477 спортшы қатысуға ниет білдірген.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов