2 сағат бұрын
Астанада шахматтан ел біріншілігінің финалы басталды
Астана қаласында классикалық шахматтан Қазақстан Республикасы чемпионатының финалдық кезеңі өз бастауын алды, деп хабарлайды Sport12.kz
Салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы жүрісті Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әбсеметова Алия Маратқызы мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Тамшыбай Бекзат Сағатұлы жасады.
Ел біріншілігінің шешуші кезеңі 2–12 мамыр аралығында Coventry University Kazakhstan алаңында өтуде. Биылғы турнирде тәжірибелі гроссмейстерлер мен болашағынан үміт күттіретін жас шахматшылар бас қосып, тек жүлделі орындар үшін ғана емес, ұлттық құрама сапына ену мүмкіндігі үшін де бақ сынауда.
Жарыс екі санат бойынша ұйымдастырылған: Open (ашық) және Women (әйелдер). Әр топта 14 қатысушы айналмалы жүйе бойынша 13 тур өткізеді. Партиялар классикалық уақыт бақылауымен ойналады: әр ойыншыға 90 минут және әр жүріске қосымша 30 секунд беріледі.
Финалдық кезеңде елордалық шахматшылар да өнер көрсетуде. Олардың қатарында Қазбек Нөгербек, Айару Алтынбек, Меруерт Камалиденова, Амина Қайрбекова, Сауат Нұрғалиев, Ерғали Сүлеймен, Сатбек Ахмединов және Аланна Берікқызы бар.
Чемпионатқа іріктеу жүйесі қатаң талаптарға негізделген. 2025 жылғы ел чемпионатының үздік бестігі мен 2026 жылғы жартылай финалдың үш жеңімпазы финалға тікелей жолдама алды. Сонымен қатар U18 және U20 жас санатындағы ел чемпиондары да шешуші кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қалған орындар Қазақстан шахмат федерациясының шешімімен, жаттықтырушылар кеңесінің ұсынысы негізінде бекітілді.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар 3 миллион теңгеден алады. Күміс жүлдегерлерге 2,2 миллион теңгеден, ал қола жүлдегерлерге 1,5 миллион теңгеден беріледі.
Аталған чемпионат ұлттық құрамаға іріктеудің маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Жеңімпаздар Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов