Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 70 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

14.05.2026

Қазақстандық спортшы алғаш рет World Para Swimming Series кезеңіне қатысты

Қазақстандық спортшы алғаш рет World Para Swimming Series кезеңіне қатысты

2026 жылғы 9 мамырда Берлинде Қазақстан мен тұтас Орталық Азия үшін бұрын болмаған оқиға өтті, деп хабарлайды Sport12.kz

Өңірімізден алғаш рет спортшы World Para Swimming Series кезеңіне қатысты. Әлемдегі ең мықты паражүзушілер жиналатын бұл турнир халықаралық параспорттағы ең беделді жарыстардың саналады.

9 мамыр — Жеңіс күні. Қайсарлық пен төзімнің, рух мықтылығының белгісі болған дата енді Қазақстандағы инклюзивті спорт тарихындағы жаңа кезеңмен де байланыса бастады.

Берлиндегі жарыста ел намысын Әмір Алпамыс қорғады. Осылайша ол World Para Swimming Series турниріне қатысқан Орталық Азиядағы алғашқы спортшы атанды.

Әмір кәсіби спорт жүйесінен шыққан спортшы емес. Аутизмі бар баланың халықаралық деңгейге дейін жетуі — отбасының сенімі, жаттықтырушының табанды еңбегі және Idsport федерациясы қалыптастырған қолдау ортасының нәтижесі.

Төрт жыл ішінде федерация инклюзивті спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Әңгіме тек жарыс ұйымдастырумен шектелген жоқ. Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылардың құқықтары спорт жүйесінде ресми түрде ескеріле бастады. Заңнамалық және нормативтік деңгейдегі өзгерістер аутизмі бар азаматтардың жоғары жетістіктер спорына келуіне жол ашты.

2026 жылдың ақпанында Қазақстан халықаралық спорт кеңістігінде Дастан Ордабай арқылы танылған еді. Ол да кәсіби спорттан келмеген. Әмір мен Дастанның нәтижесі бір нәрсені анық көрсетті: тұрақты қолдау мен дұрыс дайындық болса, ерекше спортшылар әлемдік деңгейде өнер көрсете алады.

Федерация президенті Дина Темірғалиева мен жаттықтырушы Ернұр Сайлаубек спортшылармен бірге алғашқы күннен қатар жүрді. Халықаралық ареналарға дейін олар Әмір мен Дастанмен бірге әуесқой жарыстарға қатысып, әр кезеңді бірге өткерді. Бүгінгі нәтиженің артында дәл осындай сенім мен ұзақ еңбек тұр.

Қазір Қазақстан Virtus халықаралық федерациясының құрамына енген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет саналады. Virtus — Халықаралық паралимпиада комитетінің ресми мүшесі. Федерация бүгінде жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, велоспорт, баскетбол, шаңғы споры секілді бірнеше бағытты дамытып келеді.

Idsport жетістіктерінің қатарында:

— қазақстандық спортшылардың халықаралық Virtus жарыстарына қатысуы;

— Қазақстанда төрт халықаралық Virtus чемпионатының өтуі;

— интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшыларға арналған жүйенің қалыптасуы;

— 2026–2032 жылдарға арналған халықаралық Road Map бағдарламасының жасалуы;

— Қазақстанның әлемдік параспорт жүйесіне қосылуы;

— LA 2028 және Brisbane 2032 Паралимпиада ойындарына дайындық жұмыстары бар.

Федерация аясында халықаралық шаңғы жарыстары да өтті. Ал келесі маңызды кезең — пара үстел теннисі. ITTF World Para Future халықаралық турнирі 2026 жылғы 13–16 шілде аралығында Тайландта өтеді.

Әмірдің анасы Әлия Әбдібайтова жарыстың олардың отбасы үшін жай ғана спорттық дода емес, ұзақ жылғы еңбек пен сенімнің жемісі екенін айтты.

Жаттықтырушы Ернұр Сайлаубектің сөзінше, Берлиндегі жарыста Әмір өз нәтижелерін айтарлықтай жақсартқан.

«100 және 200 метр еркін стильде жеке рекордтарын жаңартты. Ал 400 метр еркін стильдегі уақытын бес секундқа қысқартты», — деді ол.

Сонымен қатар Әмір 100 метр брасс бойынша толық халықаралық классификациядан өтті.

«Енді ол тек S14 емес, SB14 санатында да жарыса алады. Бұл оған кешенді жүзу бойынша халықаралық турнирлерге қатысуға мүмкіндік береді», — деді жаттықтырушы.

Федерация президенті Дина Темірғалиева:

«Мақсат — бір жарыстың нәтижесі емес. Қазақстан мен Орталық Азия спортшылары әлемдік спорт қозғалысының толыққанды бөлігіне айналуы керек», — деді.

Қазір серіктестер мен жанашыр жандардың қолдауы арқасында ерекше спортшылар халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан