13 сағат бұрын
Дисквалификациядан кейін спортқа оралу қиын соқты – әлем чемпионы атанған Рахат Бекболат
ҚР ҰОК
2021 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған ауыр атлет Рахат Бекболат соңғы жылдары көпшілік назарынан тыс қалып қойды. Спортшының айтуынша, бұған допингке байланысты үш жылдық дисквалификация себеп болған. Қазір ол қайта спортқа оралып, Қазақстан чемпионатында бақ сынамақ.
Рахат Бекболат Талдықорғанда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында 110 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жатқанын айтты.
«Біздің салмақта жарыс ертең өтеді. Көңіл күй жақсы, дайындық жаман емес», – деді ол.
2021 жылы әлем чемпионы атанғаннан кейін Рахаттың есімі сирек атала бастады. Спортшы мұның себебін ашық айтты.
«Маған допингке байланысты үш жыл дисквалификация берілді. Бірақ шынымды айтсам, нақты қандай тыйым салынған препарат анықталғанын өзім де түсінбедім. Ешкім ештеңе түсіндірген де жоқ. Ағзама қалай түскенін де білмеймін, себебі біз үнемі бапкерлердің бақылауындамыз. Ол жағдай әлем чемпионатының алдында болды. Қараша айы еді, ал әлем чемпионаты желтоқсанда өтуі керек болатын. Азия чемпионатынан кейін допинг бақылауына тапсырдым. Кейін осындай шешім шықты. Сене алмай біраз жүрдім, бірақ көнуге тура келді», – деді ауыр атлет.
Оның айтуынша, спорттан уақытша шеттетілу психологиялық тұрғыда ауыр тиген.
«Дисквалификация кезінде жаттығу да қиын болды. Мотивация жоғалады. Психологиялық тұрғыда өте ауыр өтті. Әсіресе өзге спортшылардың топ жарып жатқанын көргенде, өзіңді қоярға жер таппай кетесің. Ондай сәттерде өзіңнің спорттан алыстап қалғаның қатты білінеді», – деді Рахат.
Сөйте тұра ол спортқа оралу туралы мақсат қойған. Оның сөзінше, ауыр атлетика – өмірінің ажырамас бөлігі.
«Мен алты жасымнан бері осы спортпен айналысамын. Өмірімде спорттан басқа ештеңе болған жоқ. Шыны керек, әлі де толықтай психологиялық тұрғыда қиындықтарды еңсердім деп айта алмаймын, бірақ өмірімді спортсыз да елестете алмайды еекенмін. Осы аралықта жақындарым, бапкерлер қолдау көрсетті», – деді ол.
Дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін Рахат қайта жарыстарға қатыса бастаған. Өткен жылдың соңында Астанада өткен турнирде төртінші орын алса, кейін Шымкенттегі 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болған.
Алайда қазір спортшыны жарақат мәселесі де мазалап отыр. Оның айтуынша, жарыс алдында тізесіндегі мениск жарақатын алып қалған.
«Шымкенттегі Қазақстан чемпионатына екі апта қалғанда жарақат алдым. Сол себепті толыққанды дайындала алмадым. Содан бері ем қабылдап жүрмін. Бұл жарақат операция немесе ұзақ емді қажет етеді. Осы жарыстан кейін Алматыға барып, ота жасатуды жоспарлап отырмын», – деді ауыр атлет.
Соған қарамастан ол жарысқа қатысудан бас тартпаған.
«Қазір бір аяғыммен көтеріп жүрмін десем болады. Бірақ бәрібір күресіп көремін», – деді Рахат.
Спортшы өз салмағындағы бәсекелестіктің де күшейгенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де мықты атлеттер көбейген.
«Қазір бәсеке өте жоғары. Талай дарынды жастарды көріп жатырмыз. Мен жоқ кезде қатарға қосылғандар көп. Бәсекенің болғаны жақсы», – деді ол.
Рахаттың басты мақсаты – толық қалпына келіп, бұрынғы бабына қайта оралу.
«Қазір ең бастысы – денсаулықты түзету. Операциядан кейін қайта формаға келемін деп ойлаймын. Талдықорғандағы ел біріншілігінде топ жара алмасым анық, маған қатысып, бабымды байқап көру қажет болып тұр. Операциядан соң оңалуға шамамен үш айдай қажет болады. Сондықтан алдағы ірі аламандарда бақ сынай алмасым анық, дегенмен бәрі жоспардағыдай өтсе, жыл соңына дейін өзге турнирлерге қатысамын деп ойлаймын», – деді әлем чемпионы.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан