Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 70 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

17 сағат бұрын

Ауыр атлетиканы бұрынғы деңгейіне көтергім келеді – Едіге Емберді

Ауыр атлетиканы бұрынғы деңгейіне көтергім келеді – Едіге Емберді

esport.gov.kz

Едіге Емберді Талдықорғанда өткен Қазақстан кубогында ел рекордын жаңартып, чемпион атанғанымен, өзінің өнеріне толық көңілі толмағанын айтты.

Ауыр атлеттің сөзінше, жеңіске жеткенімен, ішкі дайындығы мен психологиялық қысым жарыс барысында айтарлықтай әсер еткен.

Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі саналатын Едіге бұл жарысқа ұзақ үзілістен кейін қатысқан. Соған қарамастан ол ел рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алды. Алайда спортшының өзі нәтижеден әлдеқайда жоғары көрсеткіш күткенін жасырмады.

– Жалпы жарыс жаман өткен жоқ. Дайындық жақсы болды. Бірақ өзім қалаған нәтижеге толық жете алмадым. Рекорд жаңарттым, чемпион болдым, дегенмен көңілімдегідей өнер көрсете алмадым, – деді ауыр атлет.

Оның айтуынша, басты мәселе физикалық емес, психологиялық қысым болған.

– Ұзақ уақыт жарысқа шықпаған соң толқу болды. Түнімен ұйықтай алмай, уайымдап шықтым. Сол әсер етті, – дейді ол.

Едіге соңғы айларда жарақатына байланысты бірнеше маңызды жарысты өткізіп алғанын айтты. Спортшы 2025 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатында бесінші орын алғаннан кейін тізесінен жарақат алған.

– Өздеріңіз білесіздер, былтыр Норвегияда ересектер арасында өткен әлем біріншілігіне қатыстым. Топ жарамын деген мақсат болды, алайда оған қол жеткізе алмадым. Ал әлем чемпионатынан кейін Ислам ойындарына қатыстық. Содан соң демалыс алып, емделуге кірістім. Дәрігерлер операция қажет емес деді. Біраз уақыт толық қалпына келуге жұмсадым. Сол себепті бірнеше жарысқа қатыса алмадым, – деді спортшы.

Ол Астанадағы Қазақстан чемпионатын және Шымкенттегі бірқатар жарысты өткізіп алғанын да атап өтті.

Жыл басында қазақстандық ауыр атлеттер Самоа аралында өтетін Әлем кубогына қатысуды жоспарлаған. Алайда спортшылар виза мәселесіне байланысты жарысқа бара алмаған.

– Аустралия арқылы баруымыз керек еді, алайда ол транзиттік виза бермей қойды. Соның кесірінен жарысқа қатыса алмадық. Сондықтан Талдықорғандағы Қазақстан кубогы біз үшін өте маңызды болды, – деді Едіге.

Қазір спортшы қайтадан ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиындарын бастап кеткен. Оның айтуынша, 25 мамырда команда Өзбекстанға халықаралық жаттығу жиынына аттанады.

– Өзбекстанда 18 күндік халықаралық оқу-жаттығу жиыны болады. Өзбекстан құрамасымен бірге дайындаламыз. Одан кейін Қазақстанға ораламыз, – деді ол.

Едіге Ембердінің айтуынша, алдағы басты мақсат – Азия ойындары мен лицензиялық әлем чемпионаты.

– Биылғы ең маңызды жарыстар – Азия ойындары мен лицензиялық әлем чемпионаты. Олимпиадаға апарар жол сол жарыстардан басталады. Сондықтан екеуіне де қатысуға тырысу керек. Себебі әлем біріншілігіне бармасаң, лицензия үшін басқа талай жарысқа қатысуың керек, ол тым көп уақытты талап етеді. Сондықтан қазір әрбір нәтиже маңызды, – дейді спортшы.

Сонымен қатар ол ұлттық құрамадағы бәсекенің күшейгенін де айтты.

– Қазір біздің салмақта нақты бірінші нөмір бар деп айту қиын. Мен де өзімнің үздік нәтижемді көрсете алмадым. Алдағы бір-екі айда кімнің бабында екені анықталады. Арнайы бақылау жарыстары болады, бәрі сол жерде шешіледі, – деді ауыр атлет.

Сұхбат барысында Едіге ауыр атлетикадағы қазіргі жағдайға да тоқталды. Оның пікірінше, допинг дауларынан кейін бұл спорт түріне деген жанкүйерлер қызығушылығы төмендеп кеткенімен, қазір жаңа буын сол беделді қайта қалпына келтіруге тырысып жатыр.

– Бұрын ауыр атлетика Қазақстандағы ең нәтижелі спорттардың бірі болды. Кейін түрлі жағдайлар болды, допинг мәселелері шықты. Қазір сол беделді қайта көтергіміз келеді. Өзіміз соған жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.

Едіге жанкүйерлердің аздығы да ауыр атлетикаға әсер етіп отырғанын жасырмады.

– Қазақстан чемпионатында адам аз болды. Ал бұрын Илья Ильиндер шыққанда стадион толатын. Сол деңгейді қайтару керек. Мен де эмоциямен күрескенді жақсы көремін. Көрермен көп болса, шоу да басқаша болады. Дзюдодан облыстық біріншілік болып жатыр еді, зал лық толы. Ал ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатына да адам аз келеді, – дейді спортшы.

Соған қарамастан ол халықтың қызығушылығын қайта оятуға болатынына сенімді.

– Қазір көшеде танып жататын адамдар бар. Қолдау білдіреді. Әрине, сын айтатындар да табылады. Бірақ біз ауыр атлетиканы қайтадан бұрынғы деңгейіне көтеруге тырысамыз, – деді Едіге Емберді.

Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан