3 сағат бұрын
80 жастағы марафоншы Астанаға оралды
Бүгін Астана халықаралық әуежайында 80 жастағы елордалық марафоншы Салтанат Түйтебаевты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport12.kz
Ардагер спортшы Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен ардагерлер арасындағы халықаралық марафонға қатысып, алған жарақатына қарамастан 42,2 шақырымдық толық марафон қашықтығын 7 сағат 31 минутта еңсерді.
Әуежайда спортшыны Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, туған-туыстары мен жанкүйерлері қарсы алды.
«Сіз үшін алаңдап, аман-есен елге оралғаныңызға қуанып отырмыз. Сізді қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе», – деді Василий Левит.
Өз әсерімен Салтанат Түйтебаевтың өзі де бөлісті.
«11-шақырымда марафонды жалғастыруға кедергі келтіретін жарақат алдым. Маған екі рет медициналық көмек көрсетілді. Соған қарамастан, жарысты соңына дейін аяқтауды жөн көрдім. Дәрігерлер жарыстан шығуға кеңес берді, бірақ мен жарақатпен болса да мәреге жеттім», – деді спортшы.
Оның айтуынша, ол марафон фавориттерінің бірі болған және егер табанынан жарақат алмағанында жүлделі орыннан көрінер еді.
«2027 жылы Жапонияда өтетін ардагерлер Олимпиадасында есемді қайтарамын», – деп уәде берді марафоншы.
Спортшы алдағы уақытта да жаттығуын тоқтатпақ емес.
«Мен күн сайын таңертең жүгіремін. Спорттық бабымды сақтап, барлық жарыстарға қатысуға тырысамын. Немерелерім мен шөберелеріме салауатты әрі белсенді өмір салтының үлгісі болғым келеді», – деді Салтанат Түйтебаев.
Салтанат Түйтебаев – марафоншы, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еске салсақ, 2025 жылы ол Нью-Йорк марафонында 80–89 жас санатында чемпион атанып, қашықтықты 4 сағат 45 минутта жүгіріп өткен. Ал 2021 жылы Австралияда өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында 75–79 жас санатында күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ол Жаңа Зеландияда өткен ардагерлер Олимпиадасының чемпионы.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов