3 сағат бұрын
Бибісара Асаубаева әлем чемпионын жеңді
Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Norway Chess–2026 әйелдер турнирінің төртінші турында сенсациялық жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды Sport12.kz
Ол Қытай шахматшысы, қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньді армагеддон форматында тізе бүктірді.
Классикалық партияда қарсыластар 40 жүрістен кейін тең нәтижеге келді. Асаубаева ақ фигуралармен ойнап, партия бойы белсенді ойын өрнегін көрсетті, алайда қытайлық шахматшы позицияны теңестіре алды.
Арнайы регламент бойынша өткен армагеддонда ақтарға 10 минут, қараларға 7 минут беріледі. Тең нәтиже тіркелсе, жеңіс қара фигурамен ойнаған ойыншыға беріледі. Осы шешуші кезеңде қазақстандық шахматшы дәл әрі сенімді ойнап, 34-жүрісте мат қойып, маңызды жеңіске жетті.
Бұл — Асаубаеваның турнирдегі үшінші жеңісі. Бұған дейін ол бірінші турда Үндістан өкілі Хампи Конеруды классикалық ойында, ал екінші турда Чжу Цзиньэрді армагеддонда жеңген болатын.
Төрт тур қорытындысы бойынша Бибісара Асаубаева 7 ұпаймен турнир кестесінде жеке көш бастап келеді. Одан кейін Дивья Дешмух, Чжу Цзиньэр және Анна Музычук 5,5 ұпаймен орналасқан. Цзюй Вэньцзюнь 4 ұпаймен бесінші орында, ал Хампи Конеру 3 ұпаймен соңғы сатыда тұр.
Norway Chess–2026 турнирі Осло қаласында 25 мамыр – 6 маусым аралығында өтіп жатыр. Әйелдер бәсекесіне алты шахматшы қатысуда. Жүлде қоры 1,7 миллион норвегиялық крон (шамамен 157 мың АҚШ доллары). Келесі, бесінші турда Асаубаева украиналық шахматшы Анна Музычукпен кездеседі.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов