22 сағат бұрын
Астанада «Өзіңнен баста» тегін спорттық жобасы басталады
Астанада 6 маусымнан бастап салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Өзіңнен баста» әлеуметтік-спорттық жобасы іске қосылады.
Жоба Астана қаласы әкімдігі мен спорт басқармасының қолдауымен, MMA әлем чемпионы Василий Тахтайдың бастамасымен жүзеге асуда. Шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған.
Ашық жаттығулар тамыз айының соңына дейін Триатлон саябағы мен Ботаникалық бақта өтеді. Сабақтар аптасына алты күн 19:00–20:00 аралығында өткізіліп, барлық тұрғындар үшін тегін болады.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айткалиева жобаның маңызын атап өтті:
«Бұл жобаны дәстүрлі жоба деп айтуға болады, себебі ол биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы жобаға 5 мыңнан астам адам қатысты. Жаттығулар кешкі уақытта — 19:00–20:00 аралығында өтеді. Бұл тұрғындардың жұмыс пен оқудан кейін қатысуына ыңғайлы жағдай жасау үшін жасалған. Біздің мақсатымыз — жастарға өзгеріс адамның өзінен басталатынын көрсету. Дені сау болуға деген жеке шешім — басты қадам», — деді ол.
Бағдарламаға функционалдық жаттығулар, воркаут элементтері және мотивациялық кездесулер кіреді.
Жобаның ашылуы 6 маусым күні сағат 18:00-де Триатлон саябағында өтеді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан