21 сағат бұрын
Қазақстандық шахматшы халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болды
Қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман WR Women’s Chess Tour 2026 – Tokyo Asian Leg турнирінде күміс жүлде жеңіп алды.
Токиода 6–7 маусым күндері өткен жарыстың рапид бағдарламасында сынға түскен отандасымыз финалға дейін сәтті өнер көрсетті. Ол ширек финалда болгариялық гроссмейстер Антоанета Стефанованы жеңсе, жартылай финалда турнир фавориттерінің бірі Катерина Лагнодан басым түсті.
Шешуші кездесуде Алуа 2026 жылғы Үміткерлер турнирінің жеңімпазы, үндістандық гроссмейстер Вайшали Рамешбабумен бақ сынады. Тартысты өткен финалда қарсыласына жол бергенімен, халықаралық жарыстың күміс медалін иеленді. Нәтижесінде қазақстандық шахматшы 8 ұпай жинап, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады.
19 жастағы Алуа Нұрман – халықаралық шебер (IM) және әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM).
Ол Қазақстан әйелдер құрамасымен бірге 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының және 2023 жылғы командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Сонымен қатар, өткен жылы Швейцарияда өткен беделді Biel Chess Festival турнирінде топ жарды.
Шахматшының жарқын жетістіктерінің бірі 2023 жылғы Pro Chess League жарысында тіркелді. Сол турнирде ол әйелдер арасындағы әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньді жеңіп, өз командасына маңызды ұпай сыйлаған болатын.
Қазіргі уақытта Алуа Нұрман әйелдер арасындағы FIDE рейтингінде 27-орында тұр.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан