8 сағат бұрын
Тимур Турлов Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне пікір білдірді
Қазақстандық миллиардер, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева көтерген қаржыландыру мәселесіне қатысты өз ойын білдірді.
Турловтың айтуынша, соңғы күндері қазақстандық шахмат төңірегіндегі жағдайды мұқият бақылап жүргенімен, жағдайдың күрделілігіне байланысты ұзақ уақыт пікір айтудан тартынған.
«Шахмат мен үшін ешқашан формалды міндет немесе кейбіреулер ойлайтындай екінші деңгейлі іс болған емес. Бүгінде ол өмірімнің маңызды бөлігіне айналды. Менің қатысуым тек қаржылай қолдаумен шектелмейді», – деді ол.
Федерация басшысы қазіргі таңда қазақстандық шахматтың қарқынды даму кезеңін бастан кешіріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген жаңа буын өсіп келеді, ал бұл жетістіктердің артында спортшылармен қатар жаттықтырушылардың, ата-аналардың және ұйымдастырушылардың еңбегі тұр.
Сонымен қатар Турлов қоғамда орын алған пікірталастың өзара айыптаулар мен реніштерге ұласуына алаңдаушылық білдірді.
«Біз бір тақтаның екі жағында отырған жоқпыз. Барлығымыздың қарсыласымыз – халықаралық аренадағы бәсекелестер. Қазір өзіміз өзімізге қарсы ойнап жатқандай көрінеміз», – деді ол.
Ол сондай-ақ жас шахматшылардың танымал спортшыларға қарап бой түзейтінін еске салып, чемпиондардың қиын сәттердегі әрекеті тұтас буынға үлгі болатынын айтты.
Турлов Бибісара Асаубаеваның әлемнің үздік шахматшылары қатарына қосылғанын Қазақстан үшін үлкен жетістік деп бағалап, мұндай таланттың ақпараттық даулардың ортасында қалып қоймай, спорттағы нәтижелерімен танылғаны маңызды екенін жеткізді.
«Бәріміздің мақсатымыз бір – қазақстандық шахматтың дамуы. Сондықтан осы шудың арасында ең маңызды нәрсені ұмытпауымыз керек. Біз – бір командамыз және бәріміздің үстімізде бір ту бар», – деп қорытындылады федерация президенті.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан