5 сағат бұрын
Елордада таеквондодан Алтай Одағы чемпионатының ашылу салтанаты өтті
Фото:ҰОК
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан Алтай Одағы чемпионатының шымылдығы түрілді.
Салтанатты рәсімге Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Дүниежүзілік таеквондо федерациясының Президенті доктор Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының Президенті Кудрәт Шамиев, сондай-ақ халықаралық спорт қауымдастығының өкілдері мен жанкүйерлер қатысты.
Ербол Мырзабосынов турнирдің елордада өтуі Қазақстандағы таеквондо спортының дамуына серпін беретінін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Алтай Одағы чемпионатының Астанада өтуі — еліміз үшін маңызды спорттық оқиға. Турнир халықаралық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, жас спортшыларға үлкен тәжірибе алаңы болмақ. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін», — деді министр.
Сөз барысында доктор Чунгвон Чоу мырза Алтай Одағы чемпионатының тарихи мәніне тоқталды.
«Бүгін біз тарих жасап жатырмыз. Алтай Одағы достық, ынтымақтастық және бірлік мақсатында құрылды. Бұл бастама тек шекараларымызды ғана емес, мәдениеттеріміз бен болашақ ұрпақтарымызды да бір арнаға тоғыстырады. Осы сәтті пайдаланып, жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Спортшылар мен төрешілерге сәттілік тілеймін», — деді.
Федерация Президенті Кудрәт Шамиев жарыстың отандық таеквондо үшін маңызы зор екенін айтты.
«Алтай Одағы чемпионатының алғаш рет Қазақстанда өтуі — біз үшін үлкен мәртебе. Бұл турнир бауырлас елдер арасындағы спорттық байланысты күшейтіп, спортшыларымызға халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Чемпионатқа қатысып жатқан барлық командаға сәттілік тілеймін», — деді Кудрәт Шамиев.
Іс-шарада Дүниежүзілік таеквондо федерациясының ресми Demo Team командасы өнер көрсетті. Әлемнің түрлі сахналарында шығыс жекпе-жегін танытып жүрген команда көрермендерге спорттық шеберлік пен сахналық қойылымды ұштастырған әсерлі бағдарлама ұсынды.
Сондай-ақ мерекелік жиында таеквондоға арналған толық метражды көркем фильмнің тизері таныстырылды. Ел тарихында алғаш рет түсірілген бұл кинотуынды Қазақстан таеквондо федерациясының қолдауымен жүзеге асқан. Фильм Қазақстан мен Кореяда түсіріліп, қазан айында көрерменге жол тартады.
Айта кетейік, 22–23 маусым күндері Астанада алғаш рет таеквондодан Алтай Одағы чемпионаты өтеді. Жастар мен ересектер арасында ұйымдастырылатын турнир Дүниежүзілік таеквондо федерациясының World Taekwondo ресми күнтізбесіне енген. Халықаралық додаға Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Корея, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары қатысуда.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан