21 сағат бұрын
Қазақстан құрамасы пара каратэден Азия чемпионатында топ жарды
Қазақстан құрамасы Индонезияның Бали аралында өткен WKF пара каратэден V Азия чемпионатында тамаша нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
2026 жылғы 19–22 маусым аралығында өткен құрлықтық біріншілікте Қазақстан, Жапония, Үндістан, Өзбекстан, Ирак және Сауд Арабиясының спортшылары бақ сынады. Жоғары деңгейдегі бәсекеде қазақстандық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, Азиядағы көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Чемпионат қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар алты жүлдеге қол жеткізді: үш алтын және үш қола медаль. Азия чемпиондары атанғандар – Ләззат Жүсіпова, Назгүл Измағамбетова және Нұржайна Жаннетова. Ал қола жүлдені Рустам Билялов, Азиза Ибраимова және Ерлан Нұрмағамбетов иеленді.
Қазақстандық спортшылар ката бағдарламасында көру қабілеті бұзылған, зияткерлік даму ерекшелігі бар және тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар санаттарында сынға түсті.
Қазақстан каратэ федерациясы бұл жетістік спортшылардың, жаттықтырушылар мен мамандардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Федерация сондай-ақ бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ-на, серіктес «Sport Qory» корпоративтік қорына және Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне пара каратэнің дамуына көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы үшін алғыс білдірді. Осындай қолдаудың арқасында қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов