2 сағат бұрын
Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты
2025 жылғы мамыр айында үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. Әлеуметтік желілерде тараған бұл ақпаратқа Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) түсініктеме берді, деп хабарлайды Sport12.kz.
ҚАЖК мәліметінше, сот шешімі негізінде Ерлан Қожағапановтың бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлмен алмастырылған.
«Сондай-ақ жазаны ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімді орындауға қатысты өзге де мәселелер бойынша материалдарды қарау мен шешім қабылдау тек сот органдарының құзыретіне жататынын атап өтеміз», – деп мәлімдеді Комитет.
Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрінің ұсталғаны туралы 2024 жылғы наурызда белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ерлан Қожағапановтың ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.
Кейінірек оның ұсталуына қатысты мән-жайлар жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, шенеунік коммерциялық ұйымның мүддесін көздей отырып, 2018 жылы Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру туралы келісімшарттың сол ұйыммен жасалуына ықпал еткен.
Соның салдарынан форумды өткізуге арналған смета екі есеге ұлғайып, бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған. Келтірілген шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов