8 сағат бұрын
Көкпардан ұлттық құрама Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
Ұлттық спорттың халықаралық аренасына айналған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алтыншы рет өткелі отыр, деп хабарлайды Sport12.kz
Аталған жарыс Қырғыз Республикасында 30 тамыз бен 6 қыркүйек аралығына жоспарланған. Ресми регламентте 43 спорт түрі бекітілген, Қазақстан құрамасы осы спорт түрлерінің барлығынан қатысады деп күтілуде.
Ойындардың бағдарламасында жанкүйердің ерекше ықыласына бөленген көкпар мен көкбөрі спорт түрлері көпшіліктің назарында. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрілігі осы халықаралық додаға қатысатын спортшыларды жасақтап, жан-жақты дайындықтан өткізу жұмыстарын кешенді түрде жүргізуде.
Көкпардан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Шабандоздар осыған дейін Алматы облысы, Олимпиадалық даярдау орталығында физикалық тұрғыдан жаттығудан өтті. Шілде айының 10 - 30 аралығында спортшылар атпен жаттығады. Қазіргі таңда ұлттық құраманың 24 спортшысы ат үстіндегі шеберліктерін шыңдап, командалық тактика мен техникалық дайындықтарын жетілдіруде.
Жаттығу жұмыстарын көкпардан бас жаттықтырушы Нұрдәулет Момынов жүргізіп жатыр. Оқу-жаттығу жиыны барысында спортшылар көкпар және көкбөрі сайыстарына қатар дайындық жүргізуде.
Ұлттық құрама жарысқа дейін тағы да 2 оқу-жаттығу жиынынан өтеді, біреуі елдегі аттармен жаттығу болса, соңғысы Қырғыз еліндегі бейімделу мақсатындағы қорытынды жиын болмақ.
Жиынның басты мақсаты – ұлттық құраманың физикалық және тактикалық дайындығын арттырып, халықаралық дода алдында командалық рухты күшейту.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов