12 сағат бұрын
Академиялық ескек есуден U23 арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Артём Матусевич елге оралды
Бүгін елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Артём Матусевичті салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport12.kz
Тарихи жетістікке қол жеткізген спортшыны әуежайдан ата-анасы, туыстары, командаластары, Қазақстан академиялық ескек есу федерациясының өкілдері, Астана қаласының спорт қауымдастығы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қарсы алды.
Елордалық спортшы Германияның Дуйсбург қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіл салмақтағы ерлер арасындағы жекелей сында үздік үштіктен көрініп, қола медаль жеңіп алды. Осылайша Артём Матусевич академиялық ескек есуден әлем чемпионатында жүлде иеленген тұңғыш қазақстандық спортшы атанып, ел спортының тарихына есімін жазды.
Әлем чемпионатына 49 мемлекеттен 600-ден астам ескек есу шебері қатысты. Қазақстан құрамасы сапында бес спортшы өнер көрсетіп, қорытындысында бір қола медаль жеңіп алды. Осы нәтижемен Қазақстан жүлде еншілеген 13 елдің қатарына енді.
Айта кетейік, бұл – Қазақстан үшін академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы жүлде. Бұған дейін қазақстандық спортшылар бұл жас санатындағы әлем біріншілігінде жүлдеге қол жеткізбеген еді.
Еске салсақ, былтыр Артём Матусевич Шанхай қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында ТОП-10 спортшының қатарына еніп, тоғызыншы орын алған болатын. Биылғы әлем чемпионатындағы тарихи жетістік – оның халықаралық аренадағы табысты өнерінің заңды жалғасы болды
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов