8 сағат бұрын
Қазақстан ҰОК Азия пауэрлифтинг федерациясының басшылығымен кездесті
Фото: Қазақстан ҰОК
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінде Азия пауэрлифтинг федерациясының (APF) және Қазақстан пауэрлифтинг федерациясының басшылығымен кездесу өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Кездесуге Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев, бас директор Нұрлан Нөгербек, Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай, APF президенті Фаршид Солтани, APF Бас хатшысы Татьяна Романова және Қазақстан ұлттық пауэрлифтинг федерациясының президенті Роман Пищаев қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан ҰОК, APF және Қазақстан пауэрлифтинг федерациясы арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өзара байланысты одан әрі дамыту мәселелеріне баса назар аударылды. Тараптар спорт түрін өркендету перспективаларын, Халықаралық және Азия федерацияларының қызметін, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.
APF өкілдері ұйымның қызметі туралы айтып берді. Қазіргі уақытта федерация Азиядағы 31 ұлттық федерацияны біріктіріп, құрлықтық чемпионаттарды ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіреді және өңірде пауэрлифтингті дамыту бағытында жұмыс жүргізуде.
Кездесуде халықаралық ынтымақтастық мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, APF-тің пауэрлифтингті ірі көпсалалы жарыстар жүйесіне енгізу мақсатында Азия Олимпиада кеңесімен атқарып жатқан жұмысы сөз болды. Сондай-ақ Азия федерациясының өкілдері пауэрлифтингті Азия ойындарының бағдарламасына қосу ниетін білдірді. Бұл бастаманы Қазақстан ҰОК қолдады.
Бұдан бөлек, тараптар 2027 жылы Астанада өтетін пауэрлифтингтен Азия чемпионатына дайындық мәселесін талқылады. Қазақстан 2019 жылдан бері алғаш рет құрлық біріншілігін қабылдайды. Сонымен қатар қазақстандық спортшылардың Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде де көшбасшылар қатарында екені атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Азия өңірінде пауэрлифтингтің дамуына қосымша мүмкіндік беретін бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екенін растады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Астанада өтіп жатқан халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары – 2026» турнирі аясында ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев халықаралық Phygital Games International ұйымының бас директоры Дэн Меркли және «Болашақ ойындары» жобасының жетекшісі Игорь Столяровпен кездесті.
Біздің серіктес: Sport12kz