Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 100 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

5 сағат бұрын

Қазақстандық гимнастар Олимпиада жолдамалары үшін бақ сынайды

Қазақстандық гимнастар Олимпиада жолдамалары үшін бақ сынайды

Фото: Қазақстан ҰОК

12-16 тамыз аралығында Германияның Франкфурт-на-Майн қаласында көркем гимнастикадан 42-ші әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz.

Бұл жарыс спортшылар үшін маусымдағы ең маңызды сындардың бірі болмақ. Себебі дәл осы әлем біріншілігінде 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына берілетін алғашқы жолдамалар сарапқа салынады. Olympic.kz Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына қандай құраммен қатысатыны және маңызды додада қандай нәтиже күтуге болатыны туралы баяндайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Германияда өтетін әлем чемпионатының ерекше мәнге ие болуының басты себебі – дәл осы жарыста Олимпиаданың алғашқы жолдамалары сарапқа салынады. Жекелей көпсайыста жолдамаға үш үздік гимнаст ие болады. Ал топтық жаттығуларда мұндай мүмкіндікке ең үздік үш құрама қол жеткізеді. Бұл ретте жолдамалар спортшыларға емес, мемлекеттерге беріледі.

Германияда қазіргі таңда әлемдегі ең мықты гимнастардың басым бөлігі бас қосады. Қазақстан құрамасы да жарысқа барлық көшбасшысын тіркеді. Жекелей сындарда ел намысын Айбота Ертайқызы мен Ақмарал Ерекешева қорғайды.

Ерекешева үшін бұл маусым сәтті өрбіп жатыр. Қазақстандық гимнаст ересектер санатында алғаш рет өнер көрсетіп, бірден өз шеберлігін дәлелдеді. Әзірбайжанның Баку қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде ол таспамен орындалатын жаттығуда қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында үш жүлдеге қол жеткізді: ұршықтармен орындалатын жаттығуда күміс, ал шығыршық және доппен өнер көрсетуде екі қола медаль еншіледі.

Жуырда Италияның Милан қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде Ерекешева ұршықтармен орындалатын жаттығуда тоғызыншы орын алды. Көпсайыста 11-орынға, шығыршықпен орындалатын жаттығуда 13-орынға, таспамен өнер көрсетуде 15-орынға, ал доппен орындалатын жаттығуда 18-орынға тұрақтады. Алдағы әлем чемпионаты жас спортшы үшін халықаралық аренадағы тағы бір маңызды сынақ болмақ.

Айбота Ертайқызы Қазақстан құрамасындағы ең тәжірибелі спортшылардың бірі және беделді халықаралық турнирлердің тұрақты қатысушысы. Биыл ол Азия чемпионатындағы жекелей көпсайыста күміс жүлдегер атанып, таспамен орындалатын жаттығуда қола медаль иеленді. Болгарияның София қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде Айбота көпсайыста 14-орын алды.

Франкфурт қаласында екі спортшының да финалға шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін күрделі бағдарламаларын орындау кезінде өрескел қателіктерге жол бермеуі қажет.

Топтық жаттығуларда Қазақстан құрамасы да осы маусымда бірнеше маңызды жетістікке қол жеткізді. Алдымен Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде қазақстандық гимнастар көпсайыста күміс медаль жеңіп алды. Кейін Бішкекте өткен құрлық біріншілігінде үш жүлде иеленді. Айзере Кеңес, Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Аида Хәкімжанова көпсайыста қола жүлдеге, бес доппен орындалатын жаттығуда күміс медальға, сондай-ақ, үш шығыршық және екі жұп ұршықтармен орындалатын бағдарламада күміс жүлдеге ие болды.

Алдағы әлем чемпионатына көркем гимнастиканың көптеген жұлдызы қатысады. Жарыс иелері сапындағы басты үміт – Олимпиада чемпионы Дарья Варфоломеев. Германия құрамасының көшбасшысы әлемдегі ең үздік гимнастардың бірі ретінде танылып отыр. Биылғы маусымда ол әлем кубогы кезеңдерінде көптеген медаль жеңіп алып, жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсету Варфоломеевті басты фавориттердің қатарына қосқанымен, оған үлкен жауапкершілік те жүктейді. Айта кетерлігі, Дарья соңғы екі әлем чемпионатында көпсайыста жеңімпаз атанған.

Әлемдік көркем гимнастиканың үздіктері де тартысты күшейте түспек. Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы София Раффаэли дәстүрлі түрде әлемдегі ең мықты гимнастардың қатарында. Болгария құрамасының көшбасшысы – әлем чемпионаттарында 11 медаль жеңіп алған Стилиана Николова. Ол бірнеше жылдан бері үздіктер қатарынан түскен емес.

Қатысушылар қатарында украиналық Таисия Онофрийчук та бар. Ол халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарда табысты өнер көрсетуде. Оның еншісінде Еуропа чемпионатының алтын медалі мен әлем чемпионаттарының екі қола жүлдесі бар. Биыл ол әлем кубогының бірнеше кезеңінде жоғары нәтиже көрсетті. Жекелей бағдарламаларда америкалық Рин Киз, румыниялық Амалия Ликэ, израильдік Мейталь Мааян Сумкин мен Даниэла Муниц те көзге түсуі мүмкін. Сонымен қатар Германияда Азияның 2026 жылғы абсолютті чемпионы Тахмина Икромова (Өзбекстан) да өнер көрсетеді. Өзбекстандық спортшы 2023 жылы әлем чемпионатындағы көпсайыста бесінші орынға ие болса, былтыр бірнеше финалға шығып, доппен орындалатын жаттығуда төртінші орын алды.

Сондай-ақ Ресей мен Беларусь құрамаларының әлем чемпионатына қайта оралуы да көпшіліктің назарын өзіне аударады. Ресей сапында София Ильтерякова, Мария Борисова және Анна Ковшова өнер көрсетеді. Беларусь құрамасын Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Алина Горносько бастап келеді. Айта кетейік, аталған спортшылардың барлығы жуырда өткен Еуропа чемпионатында жүлде жеңіп алды. Олардың қатарында шығыршықпен орындалатын жаттығуда алтын медаль алған Ильтерякова да бар.

Топтық жаттығуларда да тартысты бәсеке күтіледі. Басты фавориттердің қатарында Қытай, Ресей, Бразилия, Жапония, Испания, Украина, Израиль және Болгария құрамалары бар. Дәл осы елдердің спортшылары соңғы әлем және Еуропа чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Айта кетейік, әлем чемпионатының іріктеу кезеңі 12–13 тамыз аралығында өтеді. Одан кейін финалдық жарыстар басталады.

Еске салсақ, бұдан бұрын триатлоннан Азия кубогына қатысатын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы анықталды.



Біздің серіктес: Sport12kz