1 күн бұрын
Қазақстандық ескекшілер Азия чемпионатында топ жарды
Жапонияның Киото қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден марафоннан VI Азия чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстандық спортшылар жарыстың алғашқы күнінде екі алтын медаль жеңіп алды.
Байдаркамен 3400 метрге жарысуда Кирилл Тубаев 14:54.166 секундтық нәтижемен бірінші келді. Оңтүстік Кореядан Пак Чжу Хён екінші орын алса, Вьетнам спортшысы Чан Ван Зань үшінші орынды түйіндеді.
Каноэмен 3400 метр қашықтықта Полат Төребеков те қарсыластарынан озып шықты. Қазақстандық ескек есуші 17:13.493 нәтижесімен жарыс жеңімпазы атанды.
Бұл бәсекеде Жапония өкілдері Кокадзи Такаюки мен Такэнака Иссэй тиісінше күміс және қола медальға ие болды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігінің алғашқы күнін екі алтын жүлдемен аяқтады.
Біздің серіктес: Sport12kz