12 сағат бұрын
«Астана» баскетбол клубының ойыншылары Президенттен көмек сұрады
matchtv.ru
«Астана» КБК және Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлы Мырзабосыновқа үндеу хат жолдады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Онда командада 12 спортшы кәсіби деңгейде мансабын жалғастыра алмайтынын айтып, көмек беруін сұраған.
- Біз, «Астана» КБК және Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлы Мырзабосыновқа бізге қолдау көрсетіп, кәсіби мансабымызды жалғастыру мүмкіндігінен айырмауды сұрап, үндеу жолдаймыз. Кәсіби деңгейде өнер көрсету мүмкіндігін бере алатын өзге командалар болмағандықтан, мансабымызды ешбір жерде жалғастыра алмаймыз. Бұл шешімнің қабылдануы 12 кәсіби баскетболшыны мансабын аяқтауына мәжбүрлеп, ал Қазақстан ұлттық командасын ұзақ жылдар бойы ел намысын халықаралық аренадан абыроймен қорғап жүрген ойыншыларынан айырады, - деп жазылған хабарламада.
Олардың айтуынша, егер «Астана» КБК Қазақстан чемпионатына қатысуын жалғастырса, еліміздегі баскетболды дамытуға, өз клубымыздың және ұлттық құрамамыздың намысын қорғауға мүмкіндігі болады.
- «Астана» негізгі командасының жабылуы отандық баскетболға айтарлықтай әсерін тигізеді. Жас ойыншылардың дамуына әсер етіп, ұлттық чемпионат әлсірейді, ұлттық құрама ойыншыларын даярлау жүйесін бұзып, еліміздегі бұл спорт түрінің болашағына кері ықпал етеді.
Сонымен қатар, барша жанкүйерлерімізден осы қиын жағдайда бізге қолдау көрсетіп, осы мәселеге қоғам назарын аударуға көмектесулерін сұраймыз. Біз үшін бүгін сіздердің қолдауларыңыз ерекше маңызды, - деп толықтырды команда ойыншылары.
Еске салсақ, бұдан бұрын ҚР Спорт және дене шынықтырыру істері комитеті «Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтату туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.
Біздің серіктес: Sport12kz