19 сағат бұрын
Астанада пара жүзуден балалар арасында «Samruk Alaman» турнирі өтті
Астанада пара жүзуден балалар-жасөспірімдер арасында өткен «Samruk Alaman» турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл шара «Қазақстан пара жүзу федерациясы» ұйымдастырған, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен өтті. Шараның марапаттау рәсіміне жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Жасөспірімдер арасындағы Азия пара ойындарының үш дүркін чемпионы Виктор Волков, Қазақстан пара жүзу федерациясының президенті Қанат Сахариянов, федерацияның бас хатшысы Эллина Байдельдинова, сондай-ақ Қазақстан Республикасының пара жүзуден ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Айдар Картпаев қатысты.
Турнирге еліміздің 15 өңірінен 100-ден астам спортшы қатысты. Спортшылар 25м және 50 м қашықтыққа еркін жүзу, баттерфляй, брасс және шалқалап жүзу дисциплиналары бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, «Samruk Alaman» турнирі «Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторы — Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының 10 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Бұған дейін турнир кезеңдері волейбол, үстел теннисі, дзюдо, футбол және футзал спорт түрлері бойынша Қызылорда және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Алматы облысының Әйтей ауылында, Ақмола облысының Қажымұқан ауылында және Маңғыстау облысының Дәулет ауылында өткізілді.
Біздің серіктес: Sport12kz