1 сағат бұрын
Қазақстандық ауыр атлеттер Азия чемпионатында үш медаль жеңіп алды
Ташкентте ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы кезекті жарыс күнінде үш медаль жеңіп алды.
57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жетісу облысының өкілі Снежана Кашкарова жастар арасындағы жарыста алтын медаль иеленді. Ол қос сайыста 200 келі (88+112) көтеріп, Азия рекордын үш рет жаңартты. Спортшы жұлқа көтеру, серпе көтеру және қос сайыс нәтижесі бойынша үздік көрсеткіш тіркеді.
Бұл санатта екінші орынды Оңтүстік Корея спортшысы Хё Дам Чжан (184 кг), ал үшінші орынды тағы бір қазақстандық Нұрсила Берікбол (176 кг) алды.
Снежана Кашкарова жасөспірімдер арасындағы бәсекеде де жеңімпаз атанды. Ол бұл санатта да 200 келі көтеріп, алтын медальға ие болды. Екінші орын Өзбекстан өкілі Маржона Абдумуталоваға (199 кг), үшінші орын Филиппин спортшысы Розалинда Фаустиноға (188 кг) бұйырды.
Осылайша, Снежана Кашкарова бір жарыс күнінде екі алтын, ал Нұрсила Берікбол бір қола медаль жеңіп алды.
Снежана Кашкарова үшін бұл – халықаралық аренадағы алғашқы жеңісі. Оны қазақстандық маман Алексей Клиновицкий жаттықтырады.
Ал Нұрсила Берікбол бұған дейін де халықаралық жарыстарда жүлде алған. Ол 2024 және 2025 жылдардағы жастар арасындағы Азия чемпионаттарында, сондай-ақ 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында қола еншілеген.
Біздің серіктес: Sport12kz