5 сағат бұрын
Геннадий Головкин ISSA вице-президенті қызметіне ресми кандидат атанды
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті лауазымына үміткерлердің ресми тізіміне енді.
Головкиннің кандидатурасы біліктілік және этикалық талаптарға сәйкестігі бойынша қажетті тексеру рәсімдерінен өтті. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің атынан 2026–2029 жылдарға арналған ISSA Атқарушы комитетінің сайлауына кандидат ретінде тіркелді.
Үміткерлердің ресми тізімі ISSA құрамына кіретін барлық Ұлттық Олимпиада комитеттеріне жіберілді.
Сайлау 2026 жылғы 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтетін ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық Олимпиада комитеттерін біріктіреді. ISSA қамқорлығындағы басты спорттық жарыстардың бірі — Ислам ынтымақтастығы ойындары.
Біздің серіктес: Sport12kz