2 сағат бұрын
Қазақстанда Спорт күніне орай 250-ден астам іс-шара өтеді
Қазақстанда тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай ел өңірлерінде бір апта бойы түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Мерекелік апта аясында 250-ден астам спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Бағдарламада турнирлер, спартакиадалар, марафондар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және спорт ардагерлерімен кездесулер бар.
11-15 тамыз аралығында Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде спорт мекемелерінің қызметкерлері арасында республикалық жарыс өтеді. Сондай-ақ спорт ардагерлері асық ату, үстел теннисі және дойбыдан бақ сынайды.
13 тамызда Қазақ ұлттық спорт университетінде қазіргі спорттағы реформалар, ардагерлерді қолдау және спорт медицинасының дамуы талқыланатын пленарлық сессия ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, өңірлерде де бірқатар ірі жарыстар өтеді. Талдықорғанда спартакиада, Атырауда кросс жарысы, Алматыда спорт фестивалі мен Gran Fondo World Championship, Қарағанды мен Қостанайда жартылай марафондар ұйымдастырылады. Астанада бұқаралық веложарыс пен гандбол турнирі, Ақтауда таеквондо кубогі, Шымкентте TARTYL FEST фестивалі өтеді.
Мерекелік шаралардың мақсаты — халықты спортқа тарту, бұқаралық дене шынықтыруды дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Біздің серіктес: Sport12kz