11 сағат бұрын

Оралда есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы IV Спартакиада ашылды

Оралда есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы IV Спартакиада ашылды

17 тамызда Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында сурдлимпиадалық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.

Салтанатты іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дукетаев, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов және Қазақстан Республикасы Ұлттық сурдлимпиада комитетінің президенті Сәуле Шакуова қатысты.

Олар спортшыларды Спартакиаданың ашылуымен құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

Нұрлан Есембаев елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар спортының дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, тек 2025 жылы Астана, Қызылорда, Ақтөбе және Орал қалаларында төрт инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар спортшыларымыздың кәсіби дамуына және жоғары нәтижелер көрсетуіне мүмкіндік береді. Соның бір дәлелі — 2025 жылы Жапонияда өткен Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп алуы, — деді ол.

Сондай-ақ биылғы Спартакиадаға Қазақстанның 19 өңірінен 1500-ден астам спортшы қатысып жатыр.

— Елімізде сурдлимпиадалық спорт түрлерімен айналысатын спортшылар саны жыл сайын артып келеді. Биылғы жарысқа 1500-ден астам спортшының қатысуы — соның айқын көрінісі. Осы Спартакиадада жаңа есімдер танылып, болашақта еліміздің намысын халықаралық аренада қорғайтын мықты спортшылар шығады деп сенемін, — деді Нұрлан Есембаев.

10 спорт түрінен 274 медаль жиынтығы сарапқа салынады

Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында төрт жылда бір рет өтетін Спартакиада биыл еліміздің үш өңірінде ұйымдастырылып отыр. Жалпы 10 спорт түрінен 274 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

10–12 тамыз аралығында Алматы қаласында сурдо жеңіл атлетикадан жарыстар өтсе, 10–15 тамыз күндері Алматы облысында сурдо жүзуден бәсекелер ұйымдастырылды.

Ал 17–25 тамыз аралығында Орал қаласында шахмат, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо, футбол, еркін күрес және грек-рим күресінен жарыстар өтеді.

Спартакиаданың басты мақсаты — есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамыту, спортшылардың шеберлігін арттыру және ұлттық құрамаға үміткерлерді анықтау.

Жарыс 25 тамызға дейін жалғасады.

Спартакиада тарихы

Қазақстанда есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы алғашқы Спартакиада 2014 жылы Алматыда өтті. Ол кезде бес спорт түрінен 400 спортшы бақ сынады.

2018 жылы Ақтөбеде өткен II Спартакиадаға 1000-ға жуық спортшы қатысып, 11 спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылды.

2022 жылы Шымкентте өткен III Спартакиадада 800-ден астам спортшы 11 спорт түрінен сынға түсті.


Біздің серіктес: Sport12kz