14 сағат бұрын
Бакуде қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді
Қазақстандық балуандар Әзербайжанда қазақ күресінен өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. XII әлем чемпионаты 22-23 тамызда Бакудегі Baku Sports Palace спорт кешенінде өтеді.
Байрақты бәсекеге әлемнің 30-ға жуық елінен 300-ден астам спортшы қатысады. Қатысушылар ерлер және әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі.
Ерлер арасындағы белдесулер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келіге дейінгі салмақтарда өтсе, әйелдер 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 келіде бақ сынайды.
Екі күнге созылатын жарыста әр салмақта іріктеу кезеңінен бастап жартылай финал мен шешуші кездесулерге дейінгі белдесулер ұйымдастырылады.
Қазақстан құрамасына ел чемпионаттары мен республикалық, халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткен балуандар енді. Отандастарымыз әлем чемпионатында жүлде үшін күреседі.
Айта кетейік, қазақ күресінен әлем чемпионаты биыл 12-рет өткізіліп отыр. Ұлттық күрес түрі бүгінде Қазақстаннан бөлек, әлемнің 40-тан астам елінде дамып келеді. Бұған дейін қазақ күресінен әлем, Азия, Еуропа және Африка чемпионаттары, сондай-ақ әлем кубогі тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Ал биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде Маңғыстау облысының өкілі Жантілек Нұртілепұлы жеңімпаз атанған еді. Ол чемпиондық атақпен бірге алтын белбеу, «Тайтұяқ» кубогі және 15 миллион теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Біздің серіктес: Sport12kz