21 сағат бұрын
Қазақстандық волейболшылар Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне жетті
Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді деп хабарлайды Sport12.
В тобындағы екінші ойынында қазақстандық волейболшылар Австралия құрамасымен кездесті. Матч 3:0 есебімен Қазақстанның пайдасына аяқталды. Партиялардағы есеп – 25:21, 25:18, 25:21.
Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы В тобында үшінші орында тұр. Топ көшін үш ұпаймен Таиланд бастаса, дәл осындай көрсеткіші бар Индонезия екінші сатыда келеді. Қазақстандықтар бұған дейін чемпионаттағы алғашқы матчында Индонезиядан 0:3 есебімен жеңілген еді.
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 25 тамызда Таиландқа қарсы өткізеді.
Азия чемпионатының ширек финалына жалпы есепте үздік нәтиже көрсеткен сегіз команда жолдама алады. Құрамалардың орны алдымен жеңістер санына, одан кейін жинаған ұпайына, партиялар және ұпайлар айырмасына қарай анықталады.
Тяньцзиньдегі Азия чемпионаты 30 тамызға дейін жалғасады.
Біздің серіктес: Sport12kz