Матч орталығы

7 сағат бұрын

Асу Алмабаев ACBJJ 22 турнирінің чемпионы атанды

Асу Алмабаев ACBJJ 22 турнирінің чемпионы атанды

Қазақстандық ММА файтері Асу Алмабаев Стамбұлда өткен ACBJJ 22 турнирінде чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport12.kz.

Алмабаев 60 келіге дейінгі салмақтағы титулдық кездесуде Тәжікстан өкілі Халим Назрулоевпен күш сынасты. Жеңіліссіз келе жатқан Назрулоевтың кәсіби рекорды — 13-0.

All-Stars Title Match мәртебесінде өткен жекпе-жек No-Gi ережесі бойынша ұйымдастырылды. Яғни спортшылар кимоносыз күресті. Тартысты белдесудің қорытындысында төрешілер бірауыздан қазақстандық спортшының жеңісін тіркеді.

Осылайша, Асу Алмабаев ACBJJ 22 турнирінің чемпионы атанды.

Айта кетейік, қазақстандық спортшы бұған дейін де күрес додасында өнер көрсеткен. Өткен аптада RAF 12 турнирінде еркін күрестен сынға түсіп, америкалық Джонни ДиДжулиустан бірінші жарым минутта жеңіліп қалған.

Ал Алмабаевтың ММА-дағы соңғы ресми жекпе-жегі маусым айында өтті. Ол америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта сабмишн әдісімен жеңген.


Біздің серіктес: Sport12kz