20 сағат бұрын

2028 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Ресейде өтеді

2028 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Ресейде өтеді

2028 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Ресейдің Татарстан Республикасы қабылдайды.

Бұл туралы шешім VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі кезінде жарияланды. Бішкектегі салтанатты шарада Қырғызстан президенті Садыр Жапаров келесі Ойындардың өтетін жерін хабарлады.

Ресейдің спорт министрі, Ресей Олимпиада комитетінің президенті Михаил Дегтярев те Татарстанның жарысты қабылдайтынын растады.

Биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамызда Қырғызстан астанасы Бішкекте басталды. Додаға әлемнің бірнеше елінен спортшылар қатысып, дәстүрлі спорт түрлерінен бақ сынайды.

Аталған жарыс 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында үш рет, Түркияның Изник қаласында бір рет және Қазақстанның Астана қаласында бір рет өткізілген.

Осылайша, 2028 жылғы дода Татарстанда өтетін алғашқы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болмақ.


Біздің серіктес: Sport12kz