18 сағат бұрын
Қазақстандық құзға өрмелеушілер Қытайдағы Әлем кубогына қатысады
Қазақстан құрамасы спорттық құзға өрмелеуден Қытайдың Чунцин қаласында өтетін Әлем кубогының кезеңіне қатысады.
18-20 қыркүйек аралығында өтетін халықаралық жарыста Қазақстан атынан бес спортшы сынға түседі. Ерлер арасындағы «жылдамдық» сайысында Әлихан Татамбай, Рашид Хайбуллин және Ришат Хайбуллин бақ сынайды. Әйелдер арасында ел намысын Арина Новицкая мен Анна Баларшина қорғайды.
Қазақстандық спортшылар эстафеталық жарыстарға да қатысады. Ерлер арасындағы эстафетада Рашид Хайбуллин мен Ришат Хайбуллин жұптасса, әйелдер бәсекесінде Арина Новицкая мен Анна Баларшина өнер көрсетеді.
Ал аралас эстафетада Қазақстан құрамасының сапында Әлихан Татамбай мен Арина Новицкая жарыс жолына шығады.
Айта кетейік, қазақстандық құзға өрмелеушілер биыл халықаралық аренада бірнеше жарысқа қатысты. Ришат Хайбуллин мен Рашид Хайбуллин сәуір айында Қытайдың Санья қаласында өткен жағажайдағы Азия ойындарында ерлер арасындағы эстафетадан қола жүлде иеленген.
Біздің серіктес: Sport12kz