22 сағат бұрын
Жағажай волейболынан Азия чемпионатында қазақстандық үш жұп 1/8 финалға жолдама алды
Қытайдың Шанло қаласында жағажай волейболынан өтіп жатқан Азия чемпионатында топтық кезең аяқталды.
Қазақстан атынан сынға түскен төрт жұптың үшеуі жарысты жалғастырып, 1/8 финалға жолдама алды.
Ерлер арасында Дмитрий Яковлев пен Абдулмажид Мохаммад топтық кезеңде сәтті өнер көрсетіп, бірден 1/8 финалға өтті. Қазақстандықтар келесі кезеңде Австралияның Томас Ходжес пен Закери Худ жұбына қарсы ойнайды.
Ал Сергей Богату мен Кирилл Гурин 1/16 финалда Қатар өкілдері Муса Алькира мен Мохамед Ихабты 2:0 есебімен жеңді. Енді олар 1/8 финалда Қатардың Шериф Юнус пен Ахмед Тиджан жұбымен кездеседі.
Әйелдер арасында Лаура Қабылбекова мен Мерей Қожахмет қазақстандық дербиде Кристина Каримова мен Екатерина Рюхова жұбынан 2:0 (21:18, 21:15) есебімен басым түсті. Осылайша олар да үздік 16 жұптың қатарына қосылды. Қазақстандықтардың келесі қарсыластары — Қытай өкілдері Ян Сюй мен Ся Синьи.
1/8 финалдың барлық матчтары бүгін, 4 қыркүйекте өтеді.
Айта кетейік, Азия чемпионаты 2-6 қыркүйек аралығында Қытайдың Шанло қаласында ұйымдастырылып жатыр.
Біздің серіктес: Sport12kz