6 сағат бұрын
Қырғызстан көшпенділер ойындарындағы медальдар есебін жойды
Қырғызстан Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы қорытынды медальдар есебіне қатысты Қазақстанмен болған дауға жауап берді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Министрлік мәлімдеуінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттер арасында ресми медальдар мен жалпы командалық есеп жүргізілмейді.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және насихаттауға, сондай-ақ мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң. Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекесіне емес, ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегінде бірігуіне негізделген. Сондықтан Ойындар қорытындысы бойынша мемлекеттер арасындағы жалпы медальдар рейтингі жасалмайды», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Еске салайық, Бішкекте өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алған болатын. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар.
Кейін World Nomad Games 2026 турнирінің ресми Instagram парақшасында медальдар есебінің басқа нұсқасы жарияланды. Онда Қырғызстан 30 алтын, 29 күміс және 13 қола медальмен бірінші орынға, ал Қазақстан 20 алтын, 16 күміс және 19 қола жүлдемен екінші орынға қойылған.
Алайда бұл жазба кейін өшірілді.
Біздің серіктес: Sport12kz